Көшеде, қоғамдық орында, үй ауласында немесе жұмыс орнында күдікті затты байқасаңыз, оны елемей өтіп кетуге болмайды. Сырт көзге қарапайым сөмке, қорап немесе пакет болып көрінгенімен, оның ішінде қауіпті зат болуы мүмкін. Сондықтан оған жақындамай, қол тигізбей, қауіпсіздік шарасын сақтап, құқық қорғау органына дереу хабарлау қажет.
Baribar.kz күдікті зат анықталған кезде не істеу керек екенін түсіндіретін нұсқаулық ұсынып отыр.
Қандай зат күдік тудыруы мүмкін?
Көбіне күдікті, жарылғаш зат қарапайым тұрмыс бұйымына ұқсас кейіпте оралып, жасырылуы мүмкін. Сондықтан мынадай белгілерге мән берген жөн:
- көлікте, баспалдақта, пәтерде немесе басқа жерде жатқан белгісіз түйіншек;
- көліктен немесе басқа жерден шығып тұрған сым, бау, өткізгіш, қуат көзі немесе оқшаулағыш таспа;
- иесіз қалған сөмке, портфель, қорап немесе пакет;
- күдікті бұйымнан шығатын дыбыс, мысалы, сағат механизміне ұқсас тықыл немесе жиілігі төмен шу.
Тек сырты ерекше бұйымнан бөлек, иесі белгісіз және өз орнында тұрмаған кез келген зат та жарылғыш болуы мүмкін.
Қоғамдық көліктен күдікті зат табылса
Автобуста, пойызда, метро вагонында немесе басқа қоғамдық көлікте иесіз зат байқалса, алдымен адамдарданзат кімдікі екенін сұрауға болады.
Зат иесі табылса, ол туралы дереу жүргізушіге немесе қоғамдық көлік қызметкеріне хабарлау керек. Күдікті затты өзіңіз тексеруге, ашуға немесе орнынан қозғауға болмайды.
Үйдің кіреберісінен немесе ауладан табылса
Көпқабатты үйдің кіреберісінен, ауласынан немесе үй маңынан белгісіз зат байқалса, көршілерден оның кімге тиесілі екенін сұрауға болады.
Иесі табылмаса, күдікті затты полицияға дереу хабарлаңыз. Қажет болса, құқық қорғау органдары қызметкерлері оқиға орнына келіп, жағдайды бақылауға алады.
Көшеден немесе саябақтан күдікті зат байқалса
Көшеде, саябақта немесе басқа қоғамдық орында иесіз жатқан зат көрсеңіз, айналаңызға қарап, оның иесін анықтауға тырысыңыз. Зат иесі табылмаса, полиция қызметкеріне немесе құқық қорғау органдарына дереу хабарлаңыз.
Арнайы қызметкерлер келгенше адамдардың күдікті затқа жақындауына жол бермеген жөн. Өзіңіз де затты байқаған сәтте алысқа шегініп, оқшау жерде төтенше жағдай қызметкерлерін күтіңіз.
Құқық қорғау органдары келген кезде затты қай уақытта және қай жерден байқағаныңызды айтып беріңіз.
Мекеме немесе ғимарат аумағында табылса
Күдікті затты мектептен, ауруханадан, мемлекеттік мекемеден, кеңседен немесе басқа ұйым аумағынан байқасаңыз, бұл туралы нысан әкімшілігіне немесе басшысына дереу хабарлаңыз.
Қызметкерлер мен келушілер қауіпсіз болуы үшін нысан басшылығы жағдайға қарай шара қылып, құқық қорғау органдарына хабарлауы керек.
Күдікті затты байқағанда не істеуге болмайды?
- оған қол тигізуге және орнынан қозғауға;
- көтеруге немесе басқа жерге апаруға;
- қалтаға, сөмкеге салуға;
- ашуға немесе ішін тексеруге;
- жерге көмуге немесе суға лақтыруға;
- одан шығып тұрған сымдар мен өткізгіштерді тартуға, үзуге;
- затты өздігінен залалсыздандыруға әрекет қылуға;
- күдікті бұйымның жанында ұялы телефонды немесе радиоэлектронды құрылғы қолдануға;
- затқа қатысты қандай да бір әрекетті өз бетінше істеуге болмайды.
Күдікті заттың жарылғыш құрылғы екеніне көз жеткізу қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайда қауіпсіздік талабын сақтап, арнайы қызметкерлерді күткен дұрыс.
Ескеретін жайт: күдікті зат тапқанда 102 немесе 112 нөміріне хабарласу керек. Ал жағдай ушығып, террор актісі қаупі төнсе, терроризмге қарсы 110 «сенім телефонына» хабарласуға болады.
***
Тағы оқыңыз:
