Қазақстан — зайырлы мемлекет. Сондықтан халық әртүрлі дін ұстанады. Әсіресе, Ислам дінінің Ханафи мәзһабы мен Христиан дінінің православ бағытын ұстанатындардың қатары көп. Діни бірлестіктердің бірі қоғамның рухани және әлеуметтік дамуына үлес қосып, қайырымдылықпен айналысса, енді бірі жастарға арналған спорт сайыстарын ұйымдастырып жүр. Осылай, әртүрлі дін өкілдері ортақ құндылықтарды насихаттап жатыр.
Baribar.kz тілшісі әр бағыттағы діни бірлестіктердің қоғамдық, әлеуметтік жобалары мен қайырымдылық бастамаларына шолу жасады.
Алматыда 181-ден астам діни бірлестік бар
Алматыда 181-ден астам діни бірлестік пен 139 діни нысан тіркелген. Оның ішінде 56 мешіт, 22 православ шіркеуі, 8 католик шіркеуі мен басқада 95 әр түрлі діни ұйымдар жұмыс жасайды. Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы діни іс-шаралардың қауіпсіздігін бақылап, қоғамдағы өзара келісімді нығайтуға бағытталған әлеуметтік бастамаларды бірлесе отырып жүзеге асырады. Рамазан айы, Ораза айт, Рождество мен Пасха сынды діни мерекелердің қауіпсіз әрі заңға сай штат режимде өтуіне ықпал етеді.
Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен қалада 2017 жылдан бері діни бірлестік басшыларының клубы жұмыс істейді. Бұл клуб дін өкілдері мен мемлекеттік органдарды байланыстырып, қарым-қатынас орнатуға ықпал етеді. 2025 жылы діни бірлестік басшыларының клубын тарта отырып әр түрлі 20 іс-шара өткізген. Бұндай шаралар жыл сайынғы дістүрге айналып келеді.
Діни бірлестік өкілдері Бұтақты шатқалындағы сенбілікке қатысқан
Діни бірлестіктер қаладағы жобалар мен жаңа бастамаларға да белсенді қатысады. Мәселен, олар «Таза Қазақстан» экология науқанына қатысып, сенбілік ұйымдастырып, абаттандыру жұмысымен айналысты. 2026 жылғы сәуірде Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы мен Social Development Center деген қоғамдық қор бірлесіп, арнайы сенбілік ұйымдастырған еді. Бұтақты тау шатқалында өткен сенбілікке 700-ден астам адам қатысты. Діни бірлестік өкілдері, қоғам белсенділері, еріктілер мен қала тұрғындары табиғат аясындағы демалыс орнын тазалауға атсалысқан.
Құрбан айттағы қайырымдылық: 4,5 тонна ет мұқтаж жандарға таратылды
2026 жылы Құрбан айтта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасындағы «Зекет және қайырымдылық қорының» Алматыдағы өкілдері қайырымдылық іс-шарасын өткізген еді. Қор өкілдері құрбан шалып, мал сойып, оны тізім бойынша 1990 отбасыға және әлеуметтік көмек сұраған 21 мекемеге таратты. Жалпы таратылған ет көлемі — 4,5 тонна. Бір қызығы, құрбан шалу рәсімінің бір бөлігі Qurban.muftyat.kz сайты арқылы онлайн өтті. Бұдан бөлек, Алматыдағы 56 мешітке құрбандық қабылдау пункті орнатылып, ет мұқтаж адамдарға берілді.
Балаларға арналған «Имани жаз – 2026» жазғы діни сауат ашу курсы
3 маусымда Алматыдағы Орталық мешітте балаларға арналған «Имани жаз – 2026» деген жазғы діни сауат ашу курсы ресми ашылған еді. Ағартушылық-әлеуметтік жоба Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен ұйымдастырылды. Іс-шараға қаланың бас имамы Төлеби Дәділұлы қатысып, жас шәкірттердің діни білім алу жолына табыс тілеп, тілегін айтып, жазғы демалыс уақытын тиімді пайдалануға кеңес берді.
Жазғы курста балалар Құран әліппесін танып, Ислам дінінің әдебі мен қағидаларын, Алланың көркем есімдерін біліп, мақал-мәтелдер жаттап, ғибратты әңгіме тыңдады. Жас шәкірттерге Орталық мешіттің ұстаздары мен тәжірибе жинап жүрген студенттер дәріс оқыды, оқу құралы мен әліппе кітабы тегін берілді. Бұдан бөлек, рухани әрі танымдық сабақтар мен көңілашар іс-шаралар өтті. Ұйымдастырушылар балаларға жеміс-жидек, шырын, балмұздақ пен тәтті таратқан.
Православ шіркеуі халықаралық волейбол сайысын өткізді
Діни бірлестіктердің қызметі тек қайырымдылық іспен немесе ғибадат етумен шектелмейді. 14-16 шілде күндері Қазақстандағы Православ шіркеуі мен Eleos-Meirim қоғамдық қорының бастамасы бойынша, Алматыдағы «Бағанашыл» спорт кешенінде жастарға арналған халықаралық волейбол сайысы өтті. Әлеуметтік жобаның мақсаты — жастардың спорттағы әлеуетін арттырып, оларды салауатты өмір салтын ұстануға бағыттау. Жарысқа 150-ден астам спортшы қатысты, Қырғызстан мен Өзбекстаннан 14 команда келді. Сайысты ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба адамгершілік, достық сынды ортақ құндылықты дәріптеуге және қоғамдағы татулықты нығайтуға ықпал етеді.
