Басты бет / Жаңалықтар /
тұз
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

«Шамамен бір шай қасық»: Мамандар тұздың денсаулыққа қауіпсіз мөлшерін атады

Асымыздың дәмін келтіретін тұз, шектен тыс тұтынса, жоғары қан қысымы мен инсульттың басты себепкеріне айналуы мүмкін. Дегенмен, әйгілі дәрігер Парацельстің «Бәрі де у, бәрі де дәрі — тек мөлшері ғана шешеді» деген қағидасы тұзға тікелей қатысты. Тұздың ағзаға нақты қандай пайдасы бар, ол қай кезде қауіпті? Baribar.kz сарапшылар ұсынған негізгі деректер мен практикалық кеңестерді жинақтады.

Тұз пайдасы

Су-тұз балансын реттейді: Натрий мен хлор иондары жасуша ішілік және жасуша сыртындағы сұйықтық көлемін теңгеріп, қан қысымын қалыпты деңгейде ұстап тұрады.

Жүйке жүйесі мен бұлшықеттердің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді: Гарвард қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің (Harvard T.H. Chan) зерттеуіне сәйкес, натрий жүйке импульстерінің мидан ағзаға таралуына және бұлшықеттердің жиырылуына тікелей қатысады.

Ас қорытуды жақсартады: Тұз құрамындағы хлор асқазандағы тұз қышқылын түзуге қажет. Ал ол тамақтың қорытылуы мен микробтарды жоюға жауап береді.

Қалқанша безінің саулығы: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) деректері бойынша, йодталған тұз — зоб пен қалқанша безі ауруларының алдын алудың тиімді жолы.

Тұз қай кезде қауіпті?

Америка жүрек аурулары ассоциациясының ескертуінше, тұзды шектен тыс тұтыну келесі күрделі патологияларға әкеп соғады:

Артериялық гипертония: Ағзада натрий мөлшері тым көбейіп кетсе, ол сұйықтықты ұстап тұрады да, қан тамырларына түсетін жүктемені арттырады.

Жүрек пен бүйрекке салмақ: Сұйықтықтың іркілуі ісінуге, жүрек жеткіліксіздігіне және бүйректе тас байлануына себеп болады.

Инсульт пен инфаркт қаупі: Жоғары қан қысымы тамырларды зақымдап, инфаркт пен инсульт қаупін 2-3 есе арттырады.

Остеопороз: Ағза артық натрийді несеппен бірге шығарған кезде сүйектен кальцийді шайып жібереді.

Біз тұтынатын тұздың 70-80%-ы тамаққа өзіміз қосатын тұзда емес, дайын өнімдерде (шұжық, ірімшік, тұздықтар, фастфуд, полуфабрикаттар) көп болады.

Тұздың бір күндегі нормасы қанша?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) ресми директивасына сәйкес:

Ересек адам үшін тұздың күндік мөлшері 5 грамнан (шамамен 1 шай қасық) аспауы тиіс.

Бұл мөлшерге дайын өнімдердің ішіндегі жасырын тұз да кіреді.

тұз
Фото: Pixabay.com

Тұз тұтынуды азайтуға арналған 5 лайфхак

Ұлыбританияның Ұлттық денсаулық сақтау қызметінің медициналық мамандары мынадай тұрмыстық кеңестер береді:

1. Тұздың орнына лимон шырынын, сарымсақ, кептірілген шөптерді (базилик, орегано, ақжелкен) немесе бұрыш түрлерін пайдаланыңыз.

2. Дүкеннен азық-түлік алғанда қаптамадағы натрий (Sodium) немесе тұз мөлшерін тексеріп отырыңыз (100 г өнімде 1.5 г-нан артық тұз болса — жоғары көрсеткіш).

3. Үстелде тұздың тұруы тамаққа ойланбастан қайта тұз себу әдетін қалыптастырады.

4. Бұршақ, жүгері немесе үрмебұршақ сияқты консервілерді қолданар алдында салқын сумен жуып жіберсеңіз, тұздың бір бөлігі жуылады.

5. Дәмдеуішті пісіру барысында емес, соңында қоссаңыз, тілдегі дәм рецепторлары тұзды тез сезеді және тамаққа тұз азырақ себіледі.

Тұздың пайдасы мен зияны | Назерке Бұрхан

Мақала туралы ойыңыз?

TikTok парақшамызға жазылыңыз

TikTok