Басты бет / Жаңалықтар /
футбол аренасы, стадион
Фото: Алматы әкімдігі

45 мың көрермен: Алматыда УЕФА талаптарына сай футбол стадионы салынып жатыр

Алматыда 45 мың көрерменге арналған заманауи футбол стадионының құрылысы жалғасып жатыр. Жаңа спорт нысаны Құлжа және Талғар тасжолдарының бойында салынып жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Стадион УЕФА талаптарына сай болады

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Алматы қаласы құрылыс басқармасының басшысы Нұрбол Нұрсағатовтың айтуынша, жобаға бөлінген аумақтың жалпы көлемі 32 гектар болады.

Қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Болашақ арена УЕФА-ның IV санаттағы талаптарына толық сәйкес болады. Бұл халықаралық деңгейдегі футбол матчтары мен ірі спорттық жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді. Жоба аясында негізгі стадионнан бөлек жаттығу алаңдары, спортшылар мен командаларға арналған инфрақұрылым, жанкүйерлер аймағы, қауіпсіздік жүйелері және іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары қарастырылған, — деді Нұрбол Нұрсағатов.

Құрылыс 2028 жылы аяқталады

Жоба барысында көлік қолжетімділігіне де ерекше назар аударылған. Стадион қаланың негізгі магистральдарының бойында орналасатындықтан, оған апаратын жол инфрақұрылымы жаңартылып, бұқаралық іс-шаралар кезінде көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру көзделген.

Құрылыс басқармасының мәліметінше, жаңа стадион Алматының спорт инфрақұрылымын дамытудағы маңызды жобалардың бірі болады. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін халықаралық жарыстарды қабылдап, футболдың дамуына серпін береді және қаланың өңірдегі ірі спорт орталығы ретіндегі мәртебесін нығайтады.

Стадион құрылысын 2028 жылғы наурыз айында аяқтау жоспарланып отыр.

Мақала туралы ойыңыз?

TikTok парақшамызға жазылыңыз

TikTok