Діни сауатсыздық салдарынан теріс ағымның жетегіне еріп кететіндер бар. Әсіресе, әлеуметтік желіде радикал идея қысқа әрі эмоцияға толы форматта жылдам тарайды. Мәселен, 2025 жылы радикал, экстремистік мазмұндағы 10 852 контент анықталып, оның ішінде 3 126 материал жойылған.
Осыған орай Baribar.kz тілшісі теріс діни ағымның белгілері қандай екенін анықтап көрді.
Ресми дерек бойынша, 1990 жылы еліміздегі діни бірлестік саны 670 болған, ал 2025 жылы 4000-нан асқан. Оның ішінде:
- 2864 ислам бірлестігі;
- 349 православ бірлестігі;
- 102 католик бірлестігі бар.
Бұдан бөлек, Қазақстанда 415 миссионер ресми тіркелген. Оның ішінде шетел миссионерлерінің саны — 376. Кейбір адамдар дұрыс бағыттағы ресми діни ұйым мен теріс діни ағымның ара-жігін ажырата алмайды.
Теріс діни ағым – заңда бекітілген адам құқықтарын бұзып, бостандыққа қауіп төндіріп, жұртты тәртіп бұзуға, қоғамның рухани, мәдени, ұлттық құндылықтарына қарсы шығуға үгіттейтін бұрмаланған ілім жиынтығы.
Теріс діни ағымның белгілері мынадай:
- олар ресми ақпаратқа, мемлекеттік органдар мен заңды түрде тіркелген діни бірлестіктерге сенбеуге шақырады, тіпті байланысуға тыйым салады;
- топ ішінде мұғалім, жетекші, «рухани ұстаз» болады;
- өзгелерді «адасқандар» дейді;
- теріс ағымдағы адам өзін «ақиқат жолындағы адам» деп біледі;
- топ мүшелерінің күнделікті өміріне қатысты қатаң әрі қисынсыз шектеу қояды;
- отбасымен, туыстарымен және бұрынғы ортасымен қарым-қатынасты үзуге тырысады;
- әртүрлі алдау-арбау тәсілін қолданып, таныстыру кітапшасын ұсынып, тіпті әлеуметтік желі арқылы сізді де сол топтың мүшесі болуға үгіттейді, яғни сізге таңдау еркін бермеуге тырысады;
Жұрттың басым бөлігі әлеуметтік желі арқылы діни білімін жетілдіріп жатырмын деп ойлайды. Алайда желідегі ақпарат дінтанушы, теолог мамандардың орнын алмастыра алмайды. Сондықтан тек дәлелденген ақпаратқа сенген жөн.
Теріс діни ағым өкілдері адам санасына шабуыл жасайды
Теолог Нұржан Қалиевтің сөзіне қарағанда, дәстүрлі дін өкілдері театрға барып, көңіл көтеру сынды зайырлы таңдау мен құбылыстарға тыйым салмайды. Ол теріс ағым өкілдері жұртты ресми білімі бар имамдарға да қарсы қойып, үгіт-насихат жүргізетінін айтты. Тіпті олар намаз оқымайтындарды «кәпір» деп біледі.
Дәстүрлі дін — белгілі бір ұлт немесе халықтың байырғы заманнан келе жатқан салт-дәстүріне, мәдениетіне, өмір сүру салты мен әдет-ғұрпына қайшы келмейтін дін. Дәстүрлі емес, яғни теріс діни ағым өкілдері адам санасына шабуыл жасайды. Дін мен білімді бір-біріне қарсы қояды. Олардың әрекеті дінді құрал ретінде қолданып, қоғамды іштен ірітуге бағытталған, — дейді теолог.
Жыр-дастандарымызда дәстүрлі діннің қағидалары байқалады
Нұржан Қалиевтің пікірінше, қазақ халқы адам өмірге келгеннен, дүниеден өткенше ислам дініндегі рәсімдерді атқарып келген. Ол тіпті терме, жыр-дастандарымызда да дәстүрлі діннің қағидалары айқын байқалатынын айтты.
Ислам діні қоғамдағы тұрақсыздық пен күрделі қарым-қатынасты реттейді. Қазір әртүрлі сыртқы жағдайдың әсерінен біртұтас ұлт болып қалу қиын. Осы ретте теріс бағыттағы идеологияға қарсы тұру үшін ислам дінінің атқаратын рөлі өте зор, — дейді ол.
Теріс дінді ұстанатындардың көзқарасын қалай өзгертуге болады?
Теологтың айтуынша, Дін істері коммитетінің мамандары теріс дінді ұстанатын адамдармен тікелей байланыс орнатып, олардың әлеуметтік мәселесін шешу арқылы мемлекетке деген көзқарасын оң бағытқа өзгертуге ықпал етеді. Ал қарапайым жұртқа имамдар мен теологтар подкаст түсіріп, оны әлеуметтік желіге жариялап жүр.
Қазақстанда теріс діни ағымның алдын алу үшін Дін істері коммитеті құрылған. Комитетте діни зерттеу орталықтары бар. Басқармаға қарасты кеңес беру және оңалту орталығының қызметкерлері теріс діни ағым өкілдерімен сұхбат құрып, арнайы ауызашар жасайды, — дейді Нұржан Қалиев.
40 мыңнан астам түсіндіру жұмысы жүргізілген
Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Дін істері комитетінің мәліметінше, 2025 жылдың басында діни экстремизмнің, теріс діни ағымның алдын алу үшін елімізде 40 мыңнан астам түсіндіру жұмысы жүргізілген. Іс-шараға Қазақстанның әр өңірінен жалпы 1,5 миллионнан астам адам қатысқан. Алты ай аралығында 17 мыңнан астам ақпараттық материал дайындалып, оқырман назарына ұсынылды. Оның 60 мыңнан астамы әлеуметтік желіде жарияланған.
