Басты бет / Жаңалықтар /
экстремизм, терроризм
Фото: ЖИ

Діни экстремизм мен терроризмнің айырмашылығы не?

Діни экстремизм мен терроризм ұғымы бір-біріне байланысты болғанымен, мағынасы мен сипаты жағынан бірдей емес. Бірі радикал көзқарас пен қоғамға қауіп төндіретін әрекеттерден көрінсе, бірі — адамды қорқытуға және қоғамға қысым жасауға бағытталған аса қауіпті қылмыс. Baribar.kz екі ұғымды қалай ажырату керек екенін түсіндіреді.

Діни экстремизм дегеніміз не?

Діни экстремизм — діни көзқарасты шектен тыс, радикал түрде түсіндіру және сол ұстанымды қоғамға немесе басқа адамға күштеп таңу. Мұндай көзқарастағы адамдар өз сенімін жалғыз дұрыс жол деп қабылдап, өзге ойды қабылдамауы мүмкін.

Діни экстремизмнің қаупі зорлық-зомбылықтан басталмайды. Кей жағдайда ол радикал идея тарату, адамды қоғамнан оқшаулау, басқа дін өкілдеріне немесе өзге көзқарастағы адамды айыптаудан басталады. Әсіресе, интернет пен әлеужелі радикал идеологияны тарату құралына айналуы мүмкін.

Экстремизмнің арбауына түскен адам қоғамнан алыстап, бұйрыққа бағынатын, жан дүниесі көмескіленген жанға айналады. Демек, діни экстремизмнің мақсаты — адамға күш көрсетпей-ақ, теріс идеологияның құрбаны ету.

Терроризм дегеніміз не?

Терроризм — халықты қорқытуға, қоғам қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге немесе билік органдарына белгілі бір шешім қабылдатуға бағытталған зорлық-зомбылық әрекеті. Оның мақсаты көбіне саяси, діни идеологияны күш қолданып, жүзеге асыру.

Терроризм актісі кезінде террористер тек белгілі бір адамға зиян келтірумен шектелмей, мемлекет пен қоғамға қысым жасайды. Осыған орай терроримзге қарсы орталық террор жағдай болған кезде қалай әрекет ету керек екенін түсіндіретін нұсқаулық ұсынады.

Басты айырмашылық: Экстремизм деген — радикал идеология мен көзқарас жүйесі, ал терроризм деген — сол радикал идеяны жүзеге асыру үшін зорлық-зомбылыққа бару. Дегенмен кез келген экстремист терроризмге барады немесе кез келген террорист діни экстремист болады деп айтуға болмайды.

Діни экстремизм мен терроризмнен өзіңді және өзгені қорғау:

Деструктивті діни ағымның ықпалына түспеу үшін олардың негізгі белгісін және адамды өз қатарына тарту тәсілін білген маңызды. Мұндай ағымдар адамның діни сеніміне ғана емес, оның отбасымен қарым-қатынасына, ортасына және сыни ойлауына әсер етуі мүмкін.

Деструктив топтардың белгісіне назар аударыңыз

Қандай да бір діни топ:

  • өз ілімін жалғыз әрі абсолют ақиқат деп көрсетсе;
  • басқа дінді, ғылымды немесе ресми ақпаратты жоққа шығарса;
  • барлық сұрақтың жауабын тек топ жетекшісі біледі деп сендірсе;
  • қоғамды «біз» және «олар» деп бөліп, өзін ерекше топ ретінде көрсетсе;
  • адамды отбасы мен достарынан алыстауға шақырса;
  • оның киіміне, тамағына, бос уақытына және жеке өміріне бақылау орнатуға тырысса, мұндай белгілерге мұқият болған жөн.

Адамды тарту тәсілдерінен сақ болыңыз!

Деструктив діни ағымдар адамның қиын жағдайын пайдаланып, оны өз ортасына тартады. Әсіресе, жастар, әлеумет тұрғысынан осал немесе психикалық қиындыққа тап болған адам теріс діни ағымның ықпалына еріп кетуі мүмкін.

Мұндай топтың өкілдері алғашында ерекше мейірім танытып, мақтап, қамқор болуға тырысады. Олар адамның жеке өмірі мен мәселесі жайлы сұрап, кейін оны белгілі бір топқа қосылуға үгіттей бастайды.

Жақындарыңызбен қарым-қатынасты үзбеңіз

Діни топ адамды ата-анасынан, туыстарынан немесе достарынан алыстауға шақырса, бұл — теріс ағымның басты белгісі. Деструктив топтар адамның ортасын «дұрыс емес» деп көрсетіп, оны тек топ мүшелерімен араласуға үгіттейді.

Ақпаратты тексеріп, сыни ойлау білген маңызды

Әлеужеліден немесе бейтаныс адам таратқан діни ақпаратқа сене салмай, оның дереккөзін тексеру қажет. Ақпаратты бірнеше сенімді әрі ресми дереккөзден салыстырып, діни мәселе бойынша білікті маманның пікіріне жүгінген жөн.

Мақала туралы ойыңыз?

Instagram парақшамызға жазылыңыз

Instagram