Басты бет / Жаңалықтар /
сүт, азық-түлік, сауда
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

«Отандық өнімге басымдық беріңдер». Бектенов сауда желілерін сынға алды

Премьер-министр Олжас Бектенов сауда желілерін қазақстандық өндірушілерге көбірек қолдау көрсетуге шақырып, импорттық тауарларға басымдық беру тәжірибесін сынға алды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Импортқа емес, отандық өнімге басымдық

Үкімет отырысында премьер-министр халық тұтынатын тауарларды шығаратын қазақстандық өндірушілердің сауда желілеріне шығуда түрлі кедергілерге тап болатынын айтты. Оның сөзіне қарағанда, әсіресе сауда орындарын жалдау ақысының жоғары болуы отандық өнімнің ішкі нарықтағы үлесін арттыруға кері әсер етіп отыр.

Сауда желілерінің иелері қазақстандық тауарларға деген көзқарасын түбегейлі өзгертуге тиіс. Отандық өнімнен бұрын импорттық тауарларға басымдық беру құқықтық жағынан ғана емес, моральдық тұрғыдан да дұрыс емес, – деді Олжас Бектенов.

Сауда орындарын жалға алу жеңілдетіледі

Премьер-министр жауапты мемлекеттік органдарға жеңіл өнеркәсіп пен тұрмыстық химия өнімдерін шығаратын отандық кәсіпорындарға сауда алаңдарын жалға алудың қолайлы шарттарын ұсыну тетіктерін әзірлеуді тапсырды.

Сонымен қатар қазақстандық өндірушілер өнімдерін нарыққа шығарғанда негізсіз әкімшілік талаптарға тап болмауға тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, барлық талаптар бір құжатқа біріктіріліп, жалпыға қолжетімді ақпараттық жүйеде жариялануы қажет.

Бұдан бөлек, үкіметке бір ай ішінде халық арасында ең көп сұранысқа ие тауар санаттарын айқындап, әрбір санат бойынша ішкі нарықтағы отандық өнімнің үлесін арттыруға арналған нақты нысаналы көрсеткіштерді белгілеу тапсырылды.

Мақала туралы ойыңыз?

TikTok парақшамызға жазылыңыз

TikTok