Жаңа туған нәрестенің иммундық жүйесі алғашқы айларда өте әлсіз келеді. Осы кезеңде баланы түрлі инфекциялар мен вирустардан қорғайтын ең басты құрал — ана сүті. Елімізде ана сүтімен қоректендіруді қолдау мемлекеттік денсаулық сақтау саясатының басым бағыттарының біріне айналып отыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ана сүті бала иммунитетіне қалай әсер етеді?
Педиатрлар мен ғылыми сарапшылар ана сүтінің бірегей биологиялық қорғаныс функцияларын бірнеше негізгі фактормен түсіндіреді:
Уыз — алғашқы табиғи тосқауыл
Босанғаннан кейінгі алғашқы күндегі уыз сүті A класындағы иммуноглобулиндерге (IgA) өте бай. Ғылыми зерттеулерге сәйкес, IgA нәрестенің әлі толық жетілмеген ішек қабырғасын қаптап, бактериялар мен вирустардың қанға өтіп кетуінен қорғайтын арнайы қабат түзеді.
Дайын антиденелер
Ана ағзасы бұрын кездескен немесе қазір күресіп жатқан ауру қоздырғыштарына қарсы антиденелер түзеді. ЮНИСЕФ-тің медициналық нұсқаулығында көрсетілгендей, бұл антиденелер емізу кезінде сүт арқылы нәрестеге өтіп, оған дайын пассивті иммунитет береді.
Ішек микрофлорасы және иммунитет
Адам иммунитетінің 70–80%-ы ішекте орналасқан. Ана сүтіндегі пребиотикалық олигосахаридтер ішектегі пайдалы бактерияларға (бифидо- және лактобактериялар) қорек болып, зиян микробтардың көбеюін алдын алады.
Табиғи антибиотиктер мен ферменттер
Америкалық педиатрия академиясының деректері бойынша, ана сүтіндегі:
Лактоферрин — ағзадағы темірді байланыстырып, патогенді бактериялардың көбеюіне жол бермейді.
Лизоцим — вирустар мен микробтардың қабықшасын ыдыратады.
Аурулардың алдын алады
ДДСҰ-ның ғаламдық директиваларына сәйкес, ана сүтін емген балаларда кейіннен аллергия, астма, I типті қант диабеті, семіздік және құлақ-тыныс жолдарының инфекциялары сирек кездеседі.
Ұйым сарапшылары нәрестені алғашқы 6 айда тек ана сүтімен тамақтандыруды, ал кейін қосымша тамақпен бірге 2 жасқа дейін емізуді жалғастыруды ұсынады.
Қазақстандағы жобалар
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен (ДДСҰ) бірлесіп, Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының (ЕТДҚ) қаржылай қолдауымен «Балаға мейірімді ауруханаларда ана сүтімен қоректендіруді қорғау, қолдау және ынталандыру» жобасын жүзеге асырылып келеді.
Жоба шеңберінде ұлттық жаттықтырушылар Қазақстанның 20 өңіріне барып, босандыру, балалар денсаулығын сақтау және медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының медицина қызметкерлеріне арналған семинарлар өткізді. Барлығы 503 тренер даярланды. Олар өңірлерде ана сүтімен қоректендіруді қолдау жөніндегі ДДСҰ мен ЮНИСЕФ ұсынымдарын енгізуге ықпал етті.
«Ана сүтімен қоректендіру – нәрестені тамақтандырудың табиғи тәсілі ғана емес, оның денсаулығы мен жан-жақты дамуының маңызды негізі. Ол инфекциялық аурулардың даму қаупін төмендетеді, иммунитетті нығайтады және ана мен баланың арасындағы тығыз байланысты қалыптастырады. Ана сүтімен қоректендіруді қолдау – медициналық жүйе деңгейінде де, жалпы мемлекеттік денсаулық сақтау саясаты шеңберінде де біздің басым бағытымыз», – деп атап өтті ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

