Басты бет / Жаңалықтар /
полиция
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

ШҚО-да ер адам экс-әйеліне пышақпен шабуыл жасап, құлағын кесіп жіберді

Шығыс Қазақстан облысының Самар ауылында ер адам қолына пышақ ұстап, бұрынғы жұбайына шабуыл жасады. Салдарынан алты баланың анасы ауыр жарақат алып, ауруханаға түсті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Әйел бұған дейін де полициядан көмек сұраған

Жәбірленушінің айтуынша, шабуыл жұмыс арасындағы үзіліс кезінде болған. Ер адам пышақпен тап беріп, әйелдің құлағының бір бөлігін кесіп жіберген. Қазір жәбірленуші ауруханада ем қабылдап жатыр.

Әйелдің сөзіне қарағанда, бұрынғы күйеуі оны бұған дейін де бірнеше рет қорқытып келген. Осыған байланысты ол бірнеше мәрте полицияға жүгінген. Сонымен қатар шабуылға дейін әлеуметтік желілерде бейнеүндеу жариялап, өзінің және кәмелетке толмаған алты баласының қауіпсіздігіне алаңдайтынын айтқан.

Күдікті қамауға алынды

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 25 шілдеде тіркелген.

25 шілде күні полицияға Самар ауылының тұрғынына пышақ жарақаты салынғаны туралы хабарлама түсті. Осы факті бойынша күдіктіні ұстау үшін жедел шаралар қабылданды. Сол күні жәбірленушінің бұрынғы күйеуі, 51 жастағы ауыл тұрғыны ұсталды. Қазір ол қамауда отыр. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалды, – деп хабарлады ШҚО ПД.

Полицияның мәліметінше, жәбірленушімен кез келген байланыс жасауға тыйым салатын қорғау нұсқамасы шығарылған. Сонымен қатар ер адам бұған дейін жәбірленушінің арыздары бойынша бірнеше рет қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылған және ата-ана құқығынан айырылған. Қазір іс бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынған.

Мақала туралы ойыңыз?

TikTok парақшамызға жазылыңыз

TikTok