Қазақстанда жаз мезгілінің басынан бері қайта жаңғыртудан өткен 70 теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Оның ішінде 40 нысан шілде айында ашылған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қай өңірлерде вокзалдар жаңарды?
Көлік министрлігінің мәліметінше, жұмыстар мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан 124 теміржол вокзалын реконструкциялау және жаңғырту бағдарламасы аясында жүргізіліп жатыр.
Ең көп нысан Ақмола облысында жаңартылды – 12 вокзал. Қарағанды облысында 11 нысан, соның ішінде Қарағанды – Сортировочная станциясының инфрақұрылымы мен жолаушылар платформалары жөнделді. Сонымен қатар Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Алматы, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл, Жетісу және Ұлытау облыстарында да вокзалдар жаңғыртылды.
Вокзалдар қалай өзгерді?
Қайта жаңғырту барысында кейбір нысандар күрделі жөндеуден өтсе, бірқатар станцияларда ескі ғимараттардың орнына жаңа вокзалдар салынды. Сонымен қатар вокзалдардың аумағы кеңейтіліп, платформалар мен аялдау павильондары жаңартылды.
Барлық нысанда шатыр мен қасбет жөнделіп, инженерлік желілер толық ауыстырылды. Ғимараттарға жаңа жиһаз, навигациялық жүйелер, бейнебақылау камералары, желдету және кондиционерлеу жүйелері, өрт және күзет дабылдары, сонымен қатар интроскоптар мен металл іздегіштер орнатылды. Ерекше назар кедергісіз орта қалыптастыруға аударылды. Вокзалдар пандустармен, лифттермен, тактильді бағыттау жүйелерімен, көтергіш құрылғылармен және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған санитарлық бөлмелермен жабдықталды, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар бірнеше станцияның аумағы айтарлықтай кеңейтілді. Мысалы, Орал вокзалының аумағы 5 778 шаршы метрден 6 346 шаршы метрге, Шетпе станциясында 201-ден 1 090 шаршы метрге, ал Шалқар станциясында 472,8-ден 833,6 шаршы метрге дейін ұлғайтылды.
Министрліктің мәліметінше, жаңартылған вокзалдар Қазақстан өңірлері арасындағы, сонымен қатар Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан бағыттарындағы теміржол қатынасына қызмет көрсетіп, жолаушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
