Басты бет / Жаңалықтар /
Әже, немере, тәрбие, наурыз. ұлттық құндылық
Фото: Ерқанат Аманкел

Түбі діннен шыққан салт-дәстүрлер

Салт-дәстүр — қазақ халқының ұлттық болмысы мен құндылығын айқындайтын жазылмаған дала заңы. Адам ғұмырының әр сәтінде тал бесіктен жер бесікке дейін орындауы керек жоралғылар заң қағидаты ретінде бекітілмесе де, бүгінге дейін атадан балаға мирас болып келеді.
Қазақ даласында дәстүр мен дін біте қайнасып кеткен. Сондықтан кейбір салт-дәстүр қалыптасып, орнығуына Ислам діні ықпал етті. Baribar.kz тілшісі оқырманға түбі діннен шыққан салт-дәстүрлерді ұсынып отыр.

Балаға азан шақырып, ат қою

«Адам ғұмырының ұзақтығы азан мен намаздың арасындай» деген сөз бар. Сондықтан балаға ат қойғанда азан шақырады, бірақ намаз оқымайды. Ал адам қайтыс болғанда, яғни жаназада жұрт намаз оқиды. Қазақ халқы байырғы заманнан бері дүниеге жаңа келген сәбиге азан шақырып, ат қояды. Тіпті, шетінеген нәрестеге де есім беріп, жерлеген. Алайда баланың көрген жарығы тым аз болғандықтан, жаназа шығармаған. Балаға ат қоярда үш рет «Аллаһу акбар» деп азан шақырып, баланың құлағына есімін үш рет дауыстап, айту керек. Азан шақырып, ат қою баланы бәле-жаладан сақтайды деген сенім бар.

Кімде-кім дүниеге келген баласының оң құлағына азан шақырып, сол құлағына қамат түсірсе, балаға «Үммус сибянның» зияны тимейді. Демек, балаға жын-шайтаннан зиян келмейді, — деген Мұхаммед (с.а.с) пайғамбар.

Аспаз бала Шадияр
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Адамның есімі, есімінің мағынасы тағдырына тікелей әсер етеді. Жұрт балаға ат қоюды абыройлы әрі мәртебелі іс деп біледі. Өйткені балаға кез келген адам ат қоймайды. Нәрестенің есімін аузы дуалы ақсақалдарға, елге еңбегі сіңген ағалар мен айналасына сыйлы апаларға қойғызған жөн. Қазақтың салт-дәстүрден бөлек ырым-тыйым қағидаларын да ұстанған. Сондықтан балаға халық алдында жүрген біртуар тұлғалардың, әнші, күйші, ақын сынды танымал адамдардың есімін берген. Мұның астарында бала күміс көмей әнші болсын, суырып салма ақын болсын деген ниет жатыр. Осылай, тарихта аты қалған адамдардың атын қайта жаңғыртып отырған.

Ер баланы сүндетке отырғызу

«Жігіт болдың, үлкен азамат болдың» деп перзентін сүндетке отырғызу — әр ата-ананың міндеті. Ер баланы бес-жеті жас аралығында сүндетке отырғызады. Бұл мұсылман парызы ғана емес. Сүндетке отырғызу ердің денсаулығына, тән тазалығына және ұрпағының аман-есен дүниеге келуіне оң ықпал ететіні медицинада дәлелденген.

Ашамайлы атқа мінесің,

Мұсылмандық таққа мінесің.

Сүндетке отырып, иманды боласың,

Тойын тойлап, думанды болсың! — деп баланы сүндетке отырғызған. Бұл — сүндеттеу қазақы салт пен діннің әсерінен қалыптасқан әдет-ғұрып екеніне дәлел. Этнограф-ғалым, тарихшы, жазушы Болат Бопайұлының сөзіне қарағанда, балаларға арналған ашамай деген ер-тоқым ат үстінде берік әрі нық отыруға көмектеседі. Ашамайдың алды мен артқы тұсында кішкентай сүйір арқалық болады. Бұл баланың аттан түсіп қалмауы үшін қажет. Ашамайға мінген бала жауапкершілікті сезініп, ер жігіт деген атқа лайық болып жүреді.

Ертеде ата-әжесі, ата-анасы балаға сүндет той жасаған. Сүндетке отырған жас бала абдырап, шошынып қалмауы үшін және көңілі бөлінсін деген мақсатта үлкендер балаларға арнап әртүрлі ұлттық ойын ұйымдастырған. Балалар бәйге беріп, көкпар тартып, алтыбақан теуіп, асық ойнап, жамбы іліп думандатады. Алайда сүндет тойға және сүндетке отырғызудың жөн-жоралғысына қыздар қатыспаған. Сүндет тойға келген жұрт «бізге де атқа мінер азамат жұғысты болсын» немесе «ұлымыз аман-есен ер жетіп, осылай той жасайтын күнге жетейік» деп ырымдап, қоржын ашып, шашу терген. Ал жігіттің нағашы жұрты балаға төрт түлік малдың бірін сыйға тартып, айдап келеді. Нағашылары бала ер жеткенше сол мал төлдеп, көбейеді деп есептеген.

Бата беру — жақсылыққа жөн сілтеу

Бата беру — ақжарма тілек арқылы көпшілікті түзу жолға бағыттап, жақсылыққа жөн сілтеу. «Жаңбырмен жер көгереді, батамен ел көгереді» деген мақалдың шығуы бекер емес. Жастар көпті көрген қариялардың, ақжаулықты әжелердің батасын алып, өніп-өсуге тырысады. Қазақ дәстүріндегі бата беру, бата алу ғұрпы діннің құндылығымен де үндесіп жатыр. Қазақы тәрбиеде де, дінде де дұға етіп, жақсылық тілеу — сауапты іс. Біз бата алғанда екі алақанымызды жаямыз. Бұл — сүннет амал.

Аллаға дұға еткенде алақанды ашып дұға ет, қолыңды теріс қаратып дұға жасама. Дұғаны бітіргенде алақаныңмен бетіңді сипа, − деген Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбар.

Бата аяқталған соң артынша екі алақанымызбен бет сипап, «әумин» дейміз. Бұл туралы «Адамдар бір жерге жиналғанда біреуі дұға жасап, қалғаны «әумин» десе, Алла оларға міндетті түрде жауап береді, яғни дұғасын қабыл етеді», − деген сөз бар.

бата беру, ата
Фото: Gonzo.kz

Этнограф Серік Негимовтің сөзіне қарағанда, батадағы ғибратты сөздер ұрпақты әделетті, көркем мінезді болуға бағыттайды. Бата қарынның қамын емес, тұтас елдің, халықтың қамын ойлауға үндейді.

Мақала туралы ойыңыз?

Telegram-каналға жазылыңыз

Telegram