Басты бет / Жаңалықтар /
ІІМ, полиция, полицей
Фото: ІІМ

Терроризм туралы жалған хабарлама берген адам қалай жазаланады?

Терроризм туралы жалған хабарлама беру кейде әзіл немесе біреуді қорқыту үшін жасалуы мүмкін. Алайда құқық қорғау органдары мұны назарға алып, бірден жалған ақпарат тексеруге әрекет етеді. Салдарынан мекеменің жұмысы тоқтап, тиіс орган жалған хабарлама болғанына қарамастан адамдарды эвакуациялауы қажет.
Baribar.kz Қазақстан заңнамасы бойынша, терроризм актісі туралы жалған ақпарат хабарлаған адамға қандай жаза қарастырылғанын, ақпарат рас болса, қалай әрекет ету керек екенін білді.

Қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша, дайындалып жатқан терроризм актісі туралы жалған ақпаратты хабарлаған адамға:

  • 5 мың АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл;
  • сол мөлшерде түзеу жұмыстары;
  • бес жылға дейін бас бостандығын шектеу;
  • немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін.

Бұл норма адамның терроризм актісі дайындалып жатқаны туралы ақпарат жалған екенін біле тұра хабарлауына қатысты.

Қалжың үшін айтылса да, жаза қарастырылған

Мұндай хабарламалар телефон арқылы ғана емес, интернет, әлеужелі, мессенджер және басқа да байланыс құралдары арқылы берілуі мүмкін.

Сондықтан әуежайда, вокзалда, мектепте, сауда орталығында немесе басқа да қоғамдық орында «жарылғыш зат бар»  деп қалжыңдауға, терроризм актісі дайындалып жатқаны туралы жалған ақпарат таратуға болмайды. Ішкі істер министрлігі мұндай хабарламалар жаппай эвакуацияға, мемлекеттік және әлеуметтік нысандардың жұмысының бұзылуына, шұғыл қызметтердің күші мен құралдарының негізсіз жұмыс істеуіне себеп болатынын ескертеді.

Арнайы қызметтердің шығыны да өтелуі мүмкін

Жалған хабарлама берген адам тек қылмыстық жазаға тартылып қоймай, оның әрекеті салдарынан келтірілген шығынды өтеуге міндеттелуі мүмкін. Мысалы, арнайы қызметтер оқиға орнына баруына жұмсалған қаражат және жалған хабарламаның салдарынан туындаған басқа да шығындарды сот кінәлі адамнан өндіріп алуға шешім шығаруы ықтимал.

Жауапкершілік кімге қатысты?

Ішкі істер министрлігі терроризм актісі туралы жалған ақпарат таратқан адам 14 жастан асса, жауапқа тартылатынын мәлімдеген. Кәмелетке толмаған адамның әрекеті салдарынан келтірілген залалды өтеу мәселесі ата-анасына немесе заңды өкіліне жүктеледі. Шешім заңнама бойынша шығып, шығынды өтеу міндеттеледі.

Құқық қорғау органдары терроризм туралы кез келген хабарламаны тексеруге міндетті. Сондықтан әзіл ретінде жасалған қоңырау немесе хабарлама да назардан тыс қалмайды. Қазіргі техниканың мүмкіндігі арқылы мұндай хабарламалардың авторын анықтауға болады.

Ескеретін жайт: терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау мен жай ғана жалған ақпарат тарату заң бойынша саралануы әртүрлі болуы мүмкін. Қылмыстық жауапкершілік нақты жағдайға, хабарламаның мазмұнына және істің мән-жайына қарай анықталады.

Ал терроризм қаупі туралы ақпарат шын болса, не істеу керек?

Кез келген адам дайындалып жатқан немесе жасалған терроризм актісі туралы рас мәліметті құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндетті. Мұндай жағдайда 102 немесе 112 нөміріне, сонымен қатар терроризмге қарсы 110 «сенім телефонына» хабарласуға болады. Егер күдікті зат байқасаңыз, оны өз бетіңізше ұстамай, ашпай немесе жылжытпай, полицияға оның нақты орналасқан жері мен сырт белгілерін хабарлаған жөн.

***

Тағы да оқыңыз: 

Интернеттегі қауіпті «қалжың»: ІІМ азаматтарға ескерту жасады

Мақала туралы ойыңыз?

TikTok парақшамызға жазылыңыз

TikTok