Басты бет / Жаңалықтар /
түрме, қылмыс, сот, сотталды, колония
Фото: Depositphotos.com

Түркиядағы жұмысқа алданған Қазақстан азаматы Грекияда 125 жылға сотталды

Ақтөбе қаласы тұрғыны Нұрхан Қадырова екі жылға жуық уақыттан бері Грекия түрмесінде отырған ұлына көмек көрсетуді сұрап отыр. Оның айтуынша, 24 жастағы Рашид Қадиров Түркиядағы жұмыс туралы жарнамаға сеніп, кейін заңсыз мигранттарды тасымалдау ісіне тартылған. Нәтижесінде ол Грекияда 125 жылға бас бостандығынан айырылған.

«Ұлымды елге қайтарғым келеді»

Көпбалалы ана Нұрхан Қадырованың айтуынша, ұлы екі жыл бұрын үйінен ешкімге ескертпестен кетіп қалған.

«Кейін оның Түркияға жұмысқа кеткенін естідім. Біраз уақыт хабарсыз болды. Бір күні белгісіз нөмірден хабарласып, «Мама, мен түрмедемін. Мен Грекиямын» деді. Айтуынша, Instagram желісінен жұмыс туралы хабарландыру көріп, ұшақ билетін төлеп берген. Оған туристерді мотор қайығымен серуендететін жұмыс ұсынылған. Бірақ кейін заңсыз мигранттарды тасымалдауға мәжбүр болғанын түсінген», – дейді анасы.

«Құжаттарға қол қоюға мәжбүр болған»

Нұрхан Қадырованың сөзінше, тергеу кезінде ұлына аудармашы берілмеген.

«Ол шет тілін білмейді. Өзінің айтуынша, құжаттарға қол қоймаса, жаза одан да ауырлайтынын айтқан. Ақыры оған 125 жыл түрме жазасы және шамамен 1 миллиард теңгеге жуық айыппұл тағайындалды. Ол тек ақша табуды көздеген жас жігіт еді», – дейді әйел.

Нұрхан Қадырованың сөзінше, ұлы мигранттарды заңсыз тасымалдауды ұйымдастырмаған.

«Қайықтар басқа адамдарға тиесілі. Оның барлық әрекетін үйлестіріп отырған координаторы болған. Рашид ештеңені ұйымдастырмаған, тек өзіне айтылған тапсырманы орындаған. Мен оны қылмыстық схеманың құрбаны деп есептеймін», – дейді ол.

«Мұнда барлық елдің адамдары отыр»

Нұрхан Қадырова дипломатиялық мекемелерге бірнеше рет жүгінгенін айтады.

«Елшілікке хабарластық. Ең болмаса, орыс тілін білетін адвокат табуға көмектесуді сұрадық. Бірақ нақты көмек көрсетілмеді. Қазір ұлым апелляциялық сот отырысын күтіп отыр. Байланыс өте сирек. Кейде жасырын хабарласа алады. Біз оған гигиеналық заттар мен азық-түлік алу үшін үнемі ақша жіберіп тұрамыз. Тіпті тістерім үгіліп жатыр дейді», – дейді анасы.

Aktobetimes.kz редакциясына ұсынылған хат алмасуда Рашид Қадиров былай деп жазған:

«Мен мұнда екі жылдан бері отырмын. Мұнда әділдік жоқ. Оларға біздің мемлекеттеріміз де, адвокаттар да, шетелдік қызметтер де бәрібір. Мама, мұнда барлық елдің адамдары отыр».

Ұқсас жағдайлар бұған дейін де болған

Басылым мәліметінше, мұндай оқиға жалғыз емес. Бұған дейін Ресейдің Челябі қаласының тұрғыны Андрей Кайзерге де Түркияда туристік қайықта жұмыс ұсынылған. Кейін ол Грекияда заңсыз мигранттарды тасымалдады деген айыппен ұсталып, 125 жылға сотталғаны хабарланған.

МИД-ке сауал жолданды

Оқиғаға байланысты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне ресми сауал жолданған. Онда ведомствоға Рашид Қадировтың ісі туралы белгілі-белгісіздігі, консулдық қызметкерлердің оған барған-бармағаны, Грекияда осындай айыппен сотталған басқа Қазақстан азаматтары бар-жоғы және халықаралық келісімдер аясында сотталған азаматты Қазақстанға беру мүмкіндігі туралы сұрақтар қойылған.

Әзірге аталған сауалға ресми жауап жарияланған жоқ.

Мақала туралы ойыңыз?

Telegram-каналға жазылыңыз

Telegram