Жетісу облысының Жаркент қаласында полицейлер бір ай ішінде дүкеннен жүздеген шоколад ұрлаған күдіктіні ұстады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Полиция мәліметінше, қаладағы сауда орталықтарының бірінің өкілі дүкеннен шоколадтардың жүйелі жоғалып жатқанын айтып, құқық қорғау органдарына жүгінген.
Бейнебақылау камераларындағы жазбаларды тексеру барысында бір ер адамның бірнеше апта бойы дүкенге тұрақты келіп, шоколадтарды сөмкесі мен қалталарына жасырып, кассаға төлем жасамай шығып кетіп жүргені анықталған.
Тергеу барысында күдіктінің бірдей тәсілмен әрекет еткені белгілі болды. Ол дүкенге кіріп, айналасындағылардың назарын бақылап, шоколадтарды жеке заттарына салып, төлем жасамай сыртқа шыққан. Бірнеше минуттан кейін қайта оралып, дәл осы әрекетін қайталаған. Кей күндері осындай «рейдті» бес-алты рет жасаған.
Полиция мәліметінше, бір ай ішінде дүкеннен 625 дана шоколад ұрланған. Келтірілген материалдық шығын 530 мың теңгеден асқан.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Панфилов аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Жаркент қаласының 41 жастағы тұрғынын анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Күдікті өз кінәсін толық мойындаған.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Полицейлер күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
