Басты бет / Жаңалықтар /
ИНФЛЯЦИЯ теңге
Фото: Lada.kz

Қазақстандағы инфляция: қай тауар қымбаттап, қайсысы арзандады?

2026 жылғы шілде айында Қазақстандағы айлық инфляция – 0,6%. Бұл маусымдағы 0,8%-дық көрсеткіштен төмен. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, шілде айында маусымдық жеміс-көкөніс өнімдері біраз арзандаған. Атап айтқанда:

  • қияр – 22,6%-ға;
  • қызанақ – 17,7%-ға;
  • сәбіз – 5,3%-ға;
  • банан – 4%-ға;
  • алма – 2,7%-ға;
  • апельсин – 2,3%-ға;
  • лимон мен картоп – 1,6%-ға арзандады.

Жұмыртқа бағасы 1,4%-ға, арпа жармасы 1,3%-ға төмендеген.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар арасында пайдаланылған жеңіл автокөліктер 3,8%-ға, электр еттартқыштар 2,2%-ға, кір сабын 1,5%-ға, смартфондар мен көзілдіріктер 1,3%-ға, ал шаш бояуы 0,7%-ға арзандаған.

Жылдық инфляция деңгейі – 10,2%. Бұл маусым айындағы 10,3%-дық көрсеткіштен сәл төмен. Осы кезеңде азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы 11,7%-ға, азық-түлік тауарлары 10,1%-ға, ал ақылы қызметтер 9,2%-ға қымбаттады.

Өткен жылдың шілде айымен салыстырғанда да кейбір жеміс-көкөніс өнімдерінің бағасы төмендеуін жалғастырды. Мәселен, қияр 31,6%-ға, қызанақ 26,5%-ға, пияз 10,9%-ға, сарымсақ 8,1%-ға, апельсин 7,8%-ға, алма 4,7%-ға арзандаған. Сондай-ақ күріш бағасы 4,1%-ға төмендеген.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар арасында отандық құрастырылған жаңа жеңіл автомобильдердің бағасы 16,2%-ға, кондиционерлер 10,8%-ға, медициналық термометрлер 7,5%-ға, ал медициналық бинт 6,4%-ға арзандады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, тұтыну бағаларының индексі 537 түрлі тауар мен қызметтің бағасына жүргізілетін ай сайынғы бақылау негізінде есептеледі. 2026 жылдан бастап есептеу құрылымында азық-түлік тауарларының үлесі – 41,1%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 28,4%, ал ақылы қызметтер – 30,5%.

статистика
Фото: Stat.gov.kz

Мақала туралы ойыңыз?

Telegram-каналға жазылыңыз

Telegram