Басты бет / Жаңалықтар /
жолбарыс
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

«70 жылдан кейін алғаш рет». Қазақстанда Амур жолбарысы тарихи мекеніне жіберілді

Қазақстанда 70 жылдан астам уақыттан кейін алғаш рет Амур жолбарысы табиғи мекеніне жіберілді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

«Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағына Үміт атты аналық жолбарыс жіберіліп, жолбарысты тарихи мекендеу ареалына қайтару бағдарламасының алғашқы практикалық кезеңі басталды.

Жолбарысты қайтаруға 10 жылдан астам дайындық жүргізілді

Министрліктің мәліметінше, Оңтүстік Балқаш өңірі мен Іле өзенінің бойы тарихи тұрғыдан Тұран жолбарысының табиғи мекені болған. Алайда өткен ғасырдың ортасында тоғайлы ормандардың азаюы, қорек қорының кемуі және браконьерліктің салдарынан бұл жыртқыш Қазақстан аумағынан толықтай жойылып кеткен.

жолбарыс
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Жолбарысты қайта жерсіндіруге дайындық 10 жылдан астам уақыт жүргізілді. Осы уақыт ішінде «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылып, жабайы тұяқты жануарлардың саны көбейтілді, арнайы бейімдеу вольерлері мен қажетті инфрақұрылым салынды.

2026 жылғы мамыр айында Ресейден Қазақстанға табиғи ортадан ауланған төрт Амур жолбарысы жеткізілді. Оның екеуі – ересек, екеуі – алты–жеті айлық күшіктер.

Үміт тәулік бойы бақылауда болады

Табиғатқа жіберілер алдында Үміт толық ветеринариялық тексеруден өтіп, аңшылық қабілеті, мінез-құлқы және адамға реакциясы жан-жақты бағаланды. Мамандар оны табиғи ортада өздігінен өмір сүруге дайын деп таныды.

Жолбарысқа GPS/GSM спутниктік қарғыбау тағылып, қазір оның қозғалысы мен жаңа ортаға бейімделуі тәулік бойы спутниктік жүйе мен фототұзақтар арқылы бақыланып жатыр. Ал аталық жолбарыс әзірге бейімдеу кезеңінде қалып, қажетті сынақтардан өтуді жалғастырады. Екі жас жолбарыс 18 айлық жасқа дейін арнайы вольерлерде өсіріліп, кейін олардың табиғатқа жіберілуі туралы жеке шешім қабылданады. Бағдарламаның түпкі мақсаты – Іле өзені мен Оңтүстік Балқаш өңірінде жолбарыстың тұрақты популяциясын қалыптастыру, — делінген хабарламада.

Ғалымдардың айтуынша, молекулалық-генетикалық зерттеулер Тұран және Амур жолбарыстарының генетикалық тұрғыдан өте жақын екенін дәлелдеген. Осыған байланысты Амур жолбарысы тарихи ареалда жолбарыс популяциясын қалпына келтіруге ең қолайлы түр ретінде таңдалған.

Мақала туралы ойыңыз?

Facebook парақшамызға жазылыңыз

Facebook