Алматыдағы Саин көшесінің бір бөлігінде көлік қозғалысының рұқсат етілген ең жоғары жылдамдығы 60 км/сағ болып белгіленді. Бұл туралы Zakon.kz-ке сілтеме жасап, Baribar.kz хабарлап отыр.
Алматы қаласының Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігін басқармасының мәліметінше, өзгеріс қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақты ұйымдастыру аясында енгізілген.
Ведомство мәліметінше, бұл шешім жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру, Саин көшесінің Райымбек даңғылы және Төле би көшесімен қиылысындағы жолайрықтардың ерекшеліктерін ескере отырып қабылданған. Аталған учаскеде жолақтардың ені қайта бөлініп, қозғалыс төрт жолақ бойынша ұйымдастырылды.
Еске салайық, 20 маусымнан бастап Саин көшесінің Рысқұлов даңғылынан Мұстафин көшесіне дейінгі бөлігінде қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақ пилоттық режимде іске қосылған болатын. Кейін жүргізушілер кептелістің көбейгеніне шағымданған. Қала билігі тұрғындардың ұсыныстары мен шағымдарын талдап, қозғалысты оңтайландыру үшін қосымша өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдады.
