Кейде адам өмірін өзгерткісі келеді. Бірі спортпен айналыса бастайды, енді бірі қаржысын реттеуге тырысады. Ал әлеужеліде блог бастаған Өскемен қаласындағы ерлі-зайыпты Аяулым мен Берік мұның бәрін бір уақытта қолға алған. Олар 365 күн ішінде дұрыс тамақтанып, спортпен тұрақты айналысып, несиесін жауып, қаржысын дұрыс басқаруды мақсат еткен.
Жұп челленж барысында күнделікті өмірін, жетістігі мен үлгермей қалған ісін де жасырмай бөліседі. Қазір бастамаларына үш айға жуық уақыт болған. Baribar.kz тілшісі Аяулым және Берікпен сұхбаттасып, 365 күндік челленжді не үшін бастағанын, спорт пен қаржыны қатар реттеудің қалай жүріп жатқанын және әлеужелідегі аудиторияның өзгеруге қалай әсер еткенін сұрап, білді.
Кітапханадан басталған таныстық
Аяулым Тұрсынхан — ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Қазір жасы 25-те. Ал Берік Ктан 31 жаста, IT саласында жұмыс істейді. Екеуінің таныстығы 2017 жылы Өскемендегі кітапханадан басталған.

Екі жылдан кейін Аяулым кітапханада қызметкер болып жұмыс істеп, ағылшын тіліне қатысты түрлі үйірме мен жобаларды үйлестірген. Ал Берік сол үйірмелерге ағылшын тілін үйрену үшін барған. Осылай, екеуінің ортақ қызығушылығы көбейе түскен.
Әлі есімде, Берік менің әлеужелідегі парақшама жазып, бауырларына тіл үйренуге қатысты кеңес сұрайтын. Кейін тіл табысып, бір-бірімізді жақын тани бастадық. Басты ұқсас тұсымыз — екеуміз де киноманбыз. 2019 жылы «Паразиттер» фильмі шығып, Берік менен кинотуынды жайлы ойымды сұрады. Нәтижесінде жай әңгімеміз үлкен сезімге ұласты. Пандемия кезінде бір фильмді таңдап, көріп, кейін бірге талқылайтын едік, — дейді Аяулым.
«Өзіміздің әлсіз тұсымызды мойындадық»
Жұп 365 күнге жоспарланған «Prime era-ға оралу» челленжін бір ғана мақсатпен бастамаған. Олар денсаулығы мен қаржысына қатысты проблеманы қатар қолға алуды шешкен.
Бұған дейін дұрыс тамақтану мен спортты бірнеше рет бастаса да, оны көп уақыт бойы әдетке айналдыра алмаған. Сонымен бірге қаржы жұмсау тәртібінің болмауы да үлкен мәселенің біріне айналған. Бөліп төлеу арқылы алған несие көбейгендіктен, табыс болғанымен, ақшаны дұрыс басқару қиындаған.
Тамақтану тәртібіміз бұзылды және банктен алған бөліп төлейтін несиеміз көбейіп кетті. Уақытында жауып жүрсек те, қаржымызды басқара алмай, қарызымыз арта берді. Ал спортпен айналысып, дұрыс тамақтана бастасақ, көпке шыдай алмайтын едік. Бұл жолы өзіміздің әлсіз тұсымызды мойындап, тәуекел еттік, — дейді Берік.
Челленжді әлеужеліде жариялаудың да себебі болған. Жұп бастапқыда мұны көпшілікке танылу үшін емес, өзіне жауапты болу үшін бастаған. Алайда алғашқы бейнежазбаның бірі 100 мыңнан астам рет қаралып, көрерменнің қызығушылығы артқан.
Аудиторияның басым бөлігі бастамамызды қолдап, біздің өзгерісті көргісі келетінін жазды. Сондықтан әлеужеліде бейнежазба жариялау — челленждің маңызды бөлігі. Қазір спортпен айналысып, тамақтану тәртібін өзгертіп, қаржымызды дұрыс жұмсап жүргенімізге үш айға жуық уақыт болды. Ал челленждің толық мерзімі — 365 күн. Әр видеоның астындағы пікірлерге мән беріп, оқырманның кері байланысын ескеруге тырысамыз, — дейді Аяулым мен Берік.
«Нәтижеге жету үшін бәріне шектеу қоюдың қажеті жоқ»
Бір жылдық челленждің негізгі бағытының бірі — денсаулыққа көңіл бөлу. Аяулым, шамамен 30 келі тастап, салауатты өмір салтын күнделікті әдетке айналдырғысы келеді. Ал Берік бұлшықет массасын жинап, дұрыс тамақтануға көшуді мақсат еткен.
Жұптың пікірінше, адам өзін барлық нәрседен шектеуі ұзақ мерзімді нәтиже бермеуі мүмкін. Сондықтан олар челлендж барысында өзіне ыңғайлы әрі тұрақты әдет қалыптастыруға тырысады.

Тағы бір түсінгеніміз — нәтижеге жету үшін адам өзін бәрінен шектемеуі керек. Керісінше, шектеген дүниесіне балама болатын басқа нұсқа табуы қажет. Өзін әр нәрседен шектей берген адамның орта жолда сағы сынады. Сондықтан мотивацияға сенудің орнына, тұрақты болуға тырысу керек. Тек мотивация керек деп ойлаған адамның алға жылжуы қиын, ал әр ісін тұрақты орындайтын жан мақсатына жетер жолда адаспайды, — дейді Аяулым.
Олардың челленжі тек спорт залындағы жаттығумен немесе тамақтану тәртібімен шектелмейді. Жұп үшін басты мақсаттың бірі — жаңа әдеттерді бір жыл бойы ұстанып, кейін де жалғастыра алатын өмір салтына айналдыру.
Қаржы басқару жайлы
Жұптың айтуынша, бұрын табыс жеткілікті болғанымен, ақшаны дұрыс жоспарлауға көңіл бөлмеген. Салдарынан бөліп төлеу арқылы алынған несие көбейіп кеткен. Болашақтағы мақсаттарының бірі — несиелерін жабу және өздеріне қажет мөлшерде қаржы қорын жинау.
Қазірдің өзінде әр сатып алатын дүниемізді ойланып, бұл қаншалық қажет екенін талқылап аламыз. Сондықтан нәтиже көре бастадық десек болады, — дейді Аяулым.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
«Тек сырт келбетіміз емес, жан дүниеміз де өзгеріп жатыр»
Жұптың айтуынша, үш айға жуық уақыт ішінде олар өзінің бойынан көп өзгеріс байқаған. Олар челленж барысында бұрыннан таныс мәселеге басқа қырдан қарауға тырысады.
Челленж арқасында тек сырт келбетіміз емес, жан дүниеміз де өзгеріп жатыр. Ойымыз, психикамыз өзгерісті қабылдауды үйренді. Көп сұрақ оқырманнан бұрын өзімізді де мазалайды. Сондықтан челленж аяқталған кезді асыға күтеміз. Бұл бастамамыздың арқасында әр күніміз дофаминге толы және осы сезімді күнде сезінгіміз келеді, — дейді ерлі-зайыпты.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Жұп үшін әлеужеліде өзгерісті көрсету де осы процестің бір бөлігіне айналған. Олар әр видеоны алдын ала мұқият жоспарлап, сценарий жазып түсірмейді. Керісінше, сол күні болған жағдайды барынша шынайы түрде көрсетуге тырысады.
Ортақ мақсатымыз — Instagram мен TikTok желісінде оқырман санын 100 мыңға жеткізіп, аудиториямен байланысты үзбеу, — дейді Аяулым Тұрсынхан.
Көрермен де челленждің бір бөлігіне айналды
Бастапқыда челленж бен блог жүргізуді қатар алып жүру оңай болмаған. Әсіресе, видео монтажын үйрену көп уақыт алып, Аяулым мен Берік бір роликті өңдеуге екі-үш сағат жұмсаған.
Уақыт өте келе түсірілім мен монтаж күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналды. Дегенмен кейде жұмыс пен жеке шаруаларға байланысты жоспарланған істің бәрін орындау мүмкін болмай қалады. Олар мұндай жағдайды да оқырманнан жасырмайды.
Әр күніміз түрлі оқиғаға толы, сондықтан не түсіреміз деп қатты ойланып көрмеппіз. Кейбір оқырманымыз жекемізге шығып, алда түсіретін контентке қатысты ой айтып жатады. Оны да назарға алып, келесіде бейнежазбамызға қосамыз, — дейді Аяулым.

Олардың ойынша, аудиторияның белсенді болуы — челленжді жалғастыруға қосымша себеп. Оқырманның арасында жұппен бірге өмірін өзгертіп жатқанын жазатындар да бар.
Ал Аяулым мен Берік үшін ең маңыздысы — челленж аяқталған соң ғана нәтиже көрсету емес, сол нәтижеге апаратын жолды да ашық көрсету. Сондықтан олар жетістіктерінен бөлек, осы жолда кездескен қиындықты да көрсетеді.
365 күндік челлендждің аяқталуына әлі уақыт бар. Дегенмен біз үшін үш айдың өзінде өзгеріс бар. Бастысы осы пайдалы әдеттерімізді бір жыл бойы сақтап, челленж аяқталғаннан кейін де осы тәртіпті жалғастыруымыз қажет, — дейді Аяулым мен Берік.
