Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автокөлік жолдарының құрылысын ресми түрде бастады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Президент қандай мәлімдеме жасады?
Телекөпір барысында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласы Қазақстанның экономикалық дамуы мен халықаралық транзиттік әлеуетін арттырудағы негізгі бағыттардың бірі екенін айтты.
Президенттің сөзіне қарағанда, мемлекеттің мақсаты – Қазақстанды Еуразиядағы негізгі транзиттік хабқа айналдыру.
Жол – тіршіліктің күретамыры. Мемлекет осы саланы дамытуға әрдайым баса назар аударады. Біздің мақсатымыз – Қазақстанды Еуразиядағы негізгі транзит хабы ретінде дамыту. Еліміз Еуропа мен Азияны жалғайтын негізгі көпір саналады. Батыс пен Шығыс арасында құрлықпен тасымалданатын жүктің басым бөлігі Қазақстан арқылы өтеді, – деді президент.
Көлік инфрақұрылымында қандай өзгерістер болды?
Мемлекет басшысы кейінгі жылдары көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асқанын атап өтті.
Оның айтуынша, былтыр «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылып, соның нәтижесінде жүк тасымалының көлемі бес есе артқан. Сонымен қатар Алматы станциясын айналып өтетін жаңа теміржол желісі пайдалануға беріліп, жүк жеткізу мерзімі едәуір қысқарған.
Президент мұндай ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды қазақстандық мамандардың жүзеге асырып жатқанын ерекше атап өтті.
