Қаржылық мониторинг агенттігі медициналық ұйымдардың 140 мыңға жуық азаматты жалған тіркеп, көрсетілмеген қызметтер үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қорынан заңсыз қаржы алған схемаларын анықтады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қазір бұл фактілер бойынша 36 қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Мемлекетке қанша шығын келген?
ҚМА-ның алдын ала есебі бойынша, мемлекетке келтірілген шығын 3,5 млрд теңгеден асады.
Түркістан облысында Жетісай көпсалалы аудандық ауруханасының лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу мәліметінше, МӘМС аясында бөлінген қаражат іс жүзінде ешқандай қызмет көрсетпеген және тауар жеткізбеген 20-дан астам жеке кәсіпкердің есепшоттарына аударылған.
Ведомствоның мәліметінше, кәсіпкерлердің деректемелері ақшаны заңсыз шығарып, кейін қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланылған. Бұл іс бойынша мемлекетке 501 млн теңгеден астам шығын келген. Екі күдікті қамауға алынған.
Қандай клиникалардың басшылары сотталды?
Астанада «Forte Clinic» ЖШС-нің басшысы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан заңсыз қаржы алу схемасын ұйымдастырғаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылды. Ал оның сыбайласы – денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығының қызметкері азаматтарды заңсыз тіркегені үшін үш жылға сотталды.
Тергеу барысында клиникаға 15 мыңнан астам азаматтың заңсыз тіркелгені және Damu Med ақпараттық жүйесі арқылы 79 млн теңгенің жалған медициналық қызметі рәсімделгені анықталған. Ал Алматы облысында Mydental.kz ЖШС мен «Стоматология Dr. Nurzhanova» ЖШС клиникаларының басшысы пациенттерге нақты қызмет көрсетпей, жалған құжат рәсімдегені үшін төрт жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді. Тергеу барысында 4,5 мыңнан астам жалған медициналық қызмет көрсету фактісі анықталып, мемлекетке 66 млн теңге шығын келтірілген, — делінген хабарламада.
Қаржылық мониторинг агенттігі бұл бағыттағы тексеру және тергеу жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді.
