Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында ұзақ уақыт бойы пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Облыс прокуратурасының мәліметінше, Сырым ауданының прокурорлары жүргізген тексеру барысында жалпы ауданы 6 200 гектардан асатын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің тиімсіз пайдаланылғаны анықталған.
Белгілі болғандай, бірқатар жер пайдаланушы жер заңнамасының талаптарын бұзып, жер учаскелерін ұзақ уақыт бойы нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбаған.
Прокурорлар қадағалау шараларының нәтижесінде кадастр құны 75 миллион теңгеден асатын, жалпы ауданы 6 200 гектардан астам жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды.
Қазіргі уақытта қайтарылған жерлер заңды экономикалық айналымға енгізіліп жатыр.
Прокуратураның мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұл жерлерді алдағы уақытта ауылдық жерде тұратын адал ниетті азаматтар мен ауыл шаруашылығы субъектілерінің пайдалануына беру жоспарланған.
