Басты бет / Жаңалықтар /
Төлем жүйесі ақша салық
Фото: Тengrinews.kz

5 тамызға дейін есеп тапсырмаған кәсіпкерлерге 108 мың теңге айыппұл салынуы мүмкін

Мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпкерлерге 2026 жылғы 5 тамызға дейін ИТЕТТ-1 нысаны бойынша жартыжылдық есепті тапсыру қажет екенін еске салды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Аталған есепті Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифінде белгіленген мөлшерлемеден төмен кедендік баж қолданылған шетелдік тауарлармен жұмыс істейтін салық төлеушілер ұсынуға міндетті.

ИТЕТТ-1 нысаны жылына екі рет – 5 ақпанға және 5 тамызға дейін тапсырылады.

Биыл Қаржы министрлігі есептің жаңа нысанын бекітті. 2026 жылғы 14 мамырдағы №306 бұйрыққа сәйкес жаңартылған үлгі 12 шілдеден бастап күшіне енді. Сондықтан есепті осы жаңа нысан бойынша ұсыну қажет.

Есепті қағаз түрінде, электрон форматта немесе бекітілген Excel үлгісі арқылы салық төлеуші тіркелген жердегі мемлекеттік кірістер органына жолдауға болады.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, есепті белгіленген мерзімде тапсырмаған немесе дұрыс емес мәлімет ұсынған жағдайда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 539-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Аталған бапқа сәйкес, құқық бұзушыға 25 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады. 2026 жылы бұл – 108 125 теңге.

Мақала туралы ойыңыз?

Instagram парақшамызға жазылыңыз

Instagram