Басты бет / Жаңалықтар /
мешіт
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Алматының тарихы мен келбетін айшықтайтын ғибадат орындары

Алматы – әртүрлі мәдениет пен руханиятты, дін мен ұлт өкілдерін бір арнаға тоғыстырған қала. Мың жылдық тарихы бар көне қалада сәулеті ерекше нысандар көп. Солардың бірі — тарихы мен құрылысы айрықша ғибадат орындары. Baribar.kz тілшісі оқырманға қаланың тарихы мен келбетін айшықтайтын ғибадат орындарын ұсынып отыр.

Орталық мешіттің күмбезін Түркияның шеберлері безендірген

Орталық мешіт – Алматыдағы ең көне әрі зәулім мешіттердің бірі. Бұл мешіт рухани, мәдени нысан ретінде мемлекеттік ескерткіштер тізіміне енген. Қазіргі ғимараттың орнында 1890 жылы ағаштан салынған ескі мешіт болған. Татар көпестері мен жергілікті мұсылман қауымы салған мешітті жұрт Шала қазақ мешіті немесе Татар мешіті деп атаған.

ескі мешіт
Фото: Аzan.kz

1993 жылы қазіргі Орталық мешіттің іргетасы қаланып, құрылыс жұмысы алты жылдан кейін, 1999 жылы аяқталды. Мешітті сәулетші Сұлтан Баймағамбетов, Қазбек Жарылғапов пен Ш.Шарапиев салды. 2000 жылы Түркияның шеберлері мешіттің күмбезіне Құран аяттарын каллиграфия үлгісінде жазып шықты. Бас күмбездің биіктігі — 36 метр, диаметрі — 20 метр. Бастапқыда мешіттің күмбезі көгілдір түсті еді. 2010–2011 жылдары жаңғырту жұмысы кезінде күмбез алтын түспен көмкерілді.

мешіт
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Орталық мешіт
Фото: Wild Ticket Asia

Мешітте бес-жеті мың адамға арналған төрт зал бар. Жалпы аумағы — 3594,5 шаршы метр. Үлкен залда салмағы 1750 келі, ұзындығы жеті метр, 365 шамы бар люстра ілініп тұр. Биіктігі 12 метр болатын қабырғалар ақ мәрмәрмен көмкерілген, әр залдың дизайны бір-бірінен ерекше. Мешіттің төрт мұнарасы төрт халифанының құрметіне салынған. Оның ішіндегі ең биік 40 метр мұнара Мұхаммедке (с.ғ.с.) 40 жаста пайғамбарлық қонғанын білдіреді.

Орталық мешіт, алматы
Фото: Мuftyat.kz

Нұр-Мүбәрәк университетінің аумағында орналасқан мешіт

Нұр-Мүбәрәк мешіті 2001 жылы ашылған. Бұл мешіт Нұр-Мүбәрәк Мысыр ислам мәдениеті университетінің аумағында орналасқан. Еліміздің сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1993 жылы Мысырға сапарға аттанған еді. Кездесуде Мысыр Араб республикасы мен Қазақстан Нұр-Мүбәрәк Мысыр ислам мәдениеті университетін салу туралы шешім қабылданды. Кейін ислам бағытындағы білім орнын салу үшін Алматыдан алты гектар жер бөлінді. Университет 2001 жылы ресми түрде ашылып, студент қабылдай бастады.

мешіт
Фото: Мuftyat.kz

Бір мұнарасы мен бір күмбезі бар мешіттің көлемі — 1233,9 шаршы метр. Мешіт Алматының көрікті аймағында, әл-Фараби даңғылында орналасқан. Бірінші қабатында 700 адам, екінші қабатында 300 адам адам намаз оқи алады. Мешітке студенттер де, жалпы жұрт та кіріп, намаз оқиды. Сонымен қатар тек университет студенттеріне арналған дәрістен бөлек, діни қайраткерлермен, танымал тұлғалармен арнайы кездеседі. Құрбан айт, Ораза айт, Мәуліт түні сынды діни мерекеде барып, намаз оқып, дұға ететін жұртқа мешіттің есігі ашық. Алайда мұнда жаназа шығару, неке қию рәсімдері өтпейді. Қазір бұл аумақта Нұр-Мүбәрәк  университетінің жаңа ғимараты салынып жатыр.

Мешіт
Фото: Wild Ticket Asia

Вознесенск кафедралды соборының биіктігі — 56 метр

Вознесенск кафедралды соборы — Алматының көркем келбетін, сәулет құрылысын айшықтайтын тарихи нысан. Собор Екінші дүниежүзілік соғыс батырларына арналған 28 гвардиялы-панфиловшылар саябағында орналасқан. Соборға Христиан дінінің православие бағытын ұстанатын орыс, украин, беларусь, корей және басқа да ұлт өкілдері барып, ғибадат етеді.

собор
Фото: Сathedral.kz

Вознесенск соборының іргесі 1904 жылы Верный қаласының 50 жылдығына орай қаланған. Архитектор Константин Борисоглебский мен С.К. Тропаревский тарихи нысанның жобасын дайындаса, инженер Андрей Зенков соборды салған. Сондықтан жұрт бұл соборды «Зенков соборы» деп те атайды. Бұл — әлемдегі ең биік ағаштан салынған православие шіркеулерінің бірі. Діни мінәжат орнында ұзындығы 39,6 метр крест пен биіктігі 46 метр қоңырау мұнарасы бар. Собордың биіктігі – 56 метр. Кеңес үкіметі кезінде жұрт соборды әртүрлі бағытта пайналанса да, бастапқы сәулеті мен келбеті сақталып қалды. Тіпті, Вознесенск соборы жер сілкінгенде де төтеп беріп, құламай қалған. 1911 жылы Алматыда Кемин деген жойқын жер сілкінісі болған. Ғимараттың іргетасы мен ағаш қабырғасы жер жиі сілкінетін аймаққа бейімделіп жасалған.

собор
Фото: Wikimedia.org

Мақала туралы ойыңыз?

Facebook парақшамызға жазылыңыз

Facebook