Перуде туристер мінген жеңіл ұшақ апатқа ұшырап, борттағы 13 адамның барлығы қаза болды. Қайғылы оқиға Наска сызықтарының үстімен туристік шолу рейсі кезінде болған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ұшақ апаты қалай болды?
Euronews мәліметінше, Perудің Aerodiana әуе компаниясына тиесілі Cessna Caravan C-208 ұшағы сенбі күні жергілікті уақыт бойынша сағат 12:10 шамасында Писко әуежайынан көтерілген.
Ұшақ Наска сызықтарының үстімен туристік шолу рейсін орындап жүрген. Ұшқаннан кейін шамамен 50 минут өткенде экипаж төтенше жағдай туралы хабарлап, арада көп ұзамай әуе кемесімен байланыс үзілген.
Бортта 11 турист пен екі ұшқыш болған.
Қаза болғандар кімдер?
Perудің Andina мемлекеттік агенттігінің мәліметінше, апат салдарынан:
- жеті Италия азаматы;
- екі Испания азаматы;
- екі Германия азаматы;
- сонымен қатар екі ұшқыш қаза болған.
Полиция майоры Хорхе Андраденің айтуынша, апаттың ауырлығына байланысты тірі қалғандар жоқ. Қазір құтқарушылар төрт адамның мәйітін тапқан.
Айта кетейік, бұған дейін қатты желге байланысты Наска геоглифтері үстімен орындалатын туристік рейстер уақытша тоқтатылған болатын. Наска сызықтары – шамамен екі мың жыл бұрын салынған алып геоглифтер және ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген тарихи нысан.
