Басты бет / Жаңалықтар /
жылқышы
Видео скрині

100 жылқы ұрлады деп сотталған жылқышы апелляциядан кейін босатылды

Ақтөбе облысында 100 жылқыны жымқырды деген айыппен жеті жылға сотталған жылқышы апелляциялық соттың шешімімен бостандыққа шықты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Істі қайта қараған сот айыпты жеңіл бапқа ауыстырып, рақымшылық туралы заңды қолданды.

Апелляциялық сот қандай шешім шығарды?

Бұған дейін Мұғалжар аудандық соты Рахат Сәрсеновті қылмыстық кодекстің «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе ысырап ету» бабы бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырып, одан 30 миллион теңге материалдық шығын өндіру туралы шешім шығарған. Алайда қорғаушының апелляциялық шағымынан кейін Ақтөбе облыстық соты істі қайта қарап, айыпты қылмыстық кодекстің 189-бабының 1-бөлігіне қайта саралады.

Сот Рахат Сәрсеновке 6 ай бас бостандығын шектеу жазасын тағайындап, рақымшылық туралы заңға сәйкес оны 3 айға дейін қысқартты. Қамауда болған уақыты есепке алынып, жаза толық өтелген деп танылды. Осылайша сотталушы сот залынан бірден босатылды.

Неліктен үкім өзгерді?

Апелляциялық сатыда ұсынылған қосымша дәлелдерден кейін Рахат Сәрсеновтің 100 емес, бір ғана жылқының жоғалуына қатысты материалдық жауапкершілігі бары анықталған. Осыған байланысты сот жәбірленушінің азаматтық талабын да қайта қарап, өтелуге тиіс материалдық шығын көлемін 600 мың теңге деп белгіледі.

Қорғаушының айтуынша, Рахат Сәрсенов 1993 жылдан бері бір шаруашылықта жылқышы болып еңбек еткен. Ұзақ жылғы ауыр жұмыстың салдарынан инсульт алып, денсаулығы нашарлаған.

Сот үкімі жарияланған сәтте сот залына жиналған туған-туыстары мен балалары оны бостандықта қарсы алды.

Мақала туралы ойыңыз?

Facebook парақшамызға жазылыңыз

Facebook