Микротолқынды пеш тағамды тез жылытып, уақыт үнемдейді. Дегенмен АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігі (USDA) кейбір тағамдар мен заттарды микротолқынды пешке салу қауіпті болуы мүмкін екенін ескертеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Микротолқынды пешке салуға болмайтын тағамдар
Мамандардың айтуынша, микротолқынды пеште кейбір өнімдер біркелкі қызбайды. Соның салдарынан тағамның ішінде бактериялар сақталуы мүмкін немесе өнім жарылып, пешке зақым келтіруі ықтимал.
Қабығы аршылмаған жұмыртқа
Қабығы бар жұмыртқаның ішінде бу жиналып, қыздыру кезінде жарылып кетуі мүмкін.
Тұтастай алюминий фольгаға оралған тағам
Фольга микротолқындарды өткізбейді. Соның салдарынан тағам қызбайды, ал пештің ішінде ұшқын пайда болып, құрылғы зақымдануы мүмкін.
Микротолқынды пешке салуға болмайтын заттар
USDA мына заттарды микротолқынды пеште пайдаланбауға кеңес береді:
- маргарин, йогурт немесе сүзбе салынған бір реттік пластик ыдыстар;
- газет пен қоңыр қағаз пакеттер;
- металл табалар мен металл ыдыстар;
- пенопласт стақандар, тәрелкелер және контейнерлер;
- алтын немесе күміс өрнегі бар фарфор ыдыстар;
- металл тұтқасы бар тағам қораптары;
- қаптамадағы металл сымдар.
Мамандардың айтуынша, мұндай материалдар қызған кезде балқуы, ұшқын шығаруы немесе тағамға зиян заттардың бөлінуіне себеп болуы мүмкін.
Алюминий фольганы қолдануға бола ма?
USDA аз мөлшердегі алюминий фольганы белгілі бір жағдайда қолдануға болатынын айтады. Бірақ ол үшін бірнеше ережені сақтау қажет:
- тек жаңа әрі тегіс фольганы пайдалану;
- тағамның төрттен бір бөлігінен артық жаппау;
- фольганы пеш қабырғасынан кемінде 2,5 сантиметр қашық орналастыру;
- ұшқын байқалса, бірден алып тастау.
Ал тағам толықтай фольгаға оралған болса немесе металл ыдыста тұрса, оны микротолқынды пешке салуға болмайды.
Тағамды қалай қауіпсіз қыздыру керек?
Микротолқынды пеште тағамды біркелкі қыздыру үшін мамандар:
- ыдыстың бетін қақпақпен немесе микротолқынға арналған арнайы пленкамен жабуды;
- қыздыру барысында тағамды араластыруды немесе аударуды;
- бу шығуы үшін аздап саңылау қалдыруды.
- қалдық тағамды немесе дайын өнімдерді буы шыққанша қыздыруды.
- қыздырғаннан кейін тағамды кемінде үш минутқа қалдыруды ұсынады.
