Қазақстан азаматтары өз атына банк несиесі немесе микрокредит рәсімдеуге ерікті түрде тыйым сала алады. Бұл қызмет алаяқтардың сіздің атыңызға заңсыз несие рәсімдеу қаупін азайтуға мүмкіндік береді, бірақ кепілдік бермейді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
«Стоп-кредитті» қалай қосуға болады?
Қызметті eGov.kz порталы арқылы онлайн алуға болады.
Ол үшін:
- порталға авторизациядан өтіңіз;
- «Банк несиелер, микрокредиттерді алудан ерікті бас тарту» қызметін таңдаңыз;
- «Онлайн сұратым» батырмасын басыңыз;
- қажет мәліметтерді толтырыңыз;
- өтінішке электрон цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) қол қойыңыз.
Өтініштің нәтижесі 30 минут ішінде жеке кабинеттегі «Қызметтер алу тарихы» бөлімінде қолжетімді болады.
Кейін шектеуді алып тастауға бола ма?
Иә. Қызмет арқылы банк несиесі мен микрокредит алудан ерікті түрде бас тартуды кез келген уақытта мерзімінен бұрын тоқтатуға болады.
Бұл қызмет нені қамтамасыз етеді?
Қызмет Бірінші кредиттік бюро жүйесі арқылы қаржы ұйымдарына азаматтың өз еркімен несие алудан бас тартқаны туралы ақпарат береді.
Алайда бірнеше маңызды жайтты ескерген жөн:
- қызмет үшінші тұлғалардың сіздің атыңызға несие рәсімдеу мүмкіндігін барынша шектейді, бірақ оған толық кепілдік бермейді;
- несие беру туралы кейінгі шешімді әрбір банк немесе микроқаржы ұйымы өз бетінше қабылдайды;
- қызмет жұмысы туралы есепті Бірінші кредиттік бюроның жеке кабинеті арқылы көруге болады.
