Мәскеуде ерлі-зайыпты зейнеткер алаяқтарға алданып, 30 миллион рубльден айырылды. Бұл туралы Мәскеу прокуратурасының Telegram-арнасына сілтеме жасап, Baribar.kz хабарлап отыр.
Прокуратура мәліметінше, 78 жастағы әйел телефонынан «Емхана» деген жаңа чатты көріп, оған кіруге әрекет жасаған. Сол кезде телефонына қысқа растау коды келіп, оны қосымшаға енгізген.
Осыдан кейін әйелге «Мемлекеттік қызметтер» (Госуслуги) порталындағы жеке кабинеті бұзылғаны туралы хабарлама келіп, мәселені шешу үшін көрсетілген телефон нөміріне хабарласу ұсынылған.
Қорыққан әйел өзі алаяқтарға қоңырау шалған. Артынша олар банк пен құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде сөйлесіп, зейнеткердің ірі көлемде жинағы бар екенін анықтаған.
Алаяқтар әйелдің атына шетелге ақша аударуға сенімхат рәсімделгенін айтып, тінту жүргізілетінін және қылмыстық іс қозғалуы мүмкін екенін ескерткен. Осыдан кейін ерлі-зайыптылар олардың айтқанына сеніп, ақшаны «тексеруге» беруге келіскен.
Зейнеткер ақшаны арнайы код сөзін айтқан курьерлерге тапсырған. Оның орнына қолына банкноттардың қабылданғаны және тексерілетіні туралы құжаттар берілген.
Көп ұзамай алаяқтар зейнеткерлер үйіне ішінде «тексерілген ақша» бар деген қорап жеткізген. Алайда оны ашуға болмайтынын ескерткен.
Тек қызымен сөйлескеннен кейін ғана әйел алаяқтардың құрбаны болғанын түсінген.
Мәскеу прокуратурасының мәліметінше, келтірілген жалпы шығын 30 миллион рубльден асады.
