TikTok әлеуметтік желісінде бейәдеп сөздер айтқан Талдықорған қаласының тұрғынына айыппұл салынды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Жетісу облысы полиция департаментінің мәліметінше, тексеру барысында TikTok әлеуметтік желісінде тікелей эфирде қоғамдағы әдеп нормаларын бұзып, бейәдеп сөздер айтқан азамат анықталды. Құқық бұзушы – Талдықорған қаласының 44 жастағы тұрғыны Гүлмира Қасенова.
Бұған дейін де Гүлмира Қасеноваға дәл осындай құқық бұзушы әрекетін жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілік жүктелген еді. Алайда соған қарамастан, ол заң талаптарын қайтадан бұзып отыр, — делінген хабарламада.
Сот қаулысы бойынша, құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған айыппұл жазасы тағайындалды. Полиция интернет кеңістігінде құқық бұзғандарға қатысты тиісті шара қабылданатынын ескертті.
