Алматы полицейлері тұрғындарды қайырымдылыққа ақша аудармас бұрын қаражат жинатып жатқан ұйым туралы ақпаратты мұқият тексеруді ескертті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Полицияның мәліметінше, кейінгі бір аптада заңсыз ақша жинаудың екі дерегі анықталған. Қазір аталған фактілер бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданып жатыр.
Құқық қорғау органдары қайырымдылық жасамас бұрын ұйымның ресми тіркелгеніне көз жеткізіп, оның қызметі, қаржы есептілігі және ресми ақпарат көздерімен танысуға кеңес береді.
«Біз азаматтарды қайырымдылық жасаудан бас тартуға шақырмаймыз. Керісінше, шынымен көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетуді, бірақ оны саналы түрде жасауды сұраймыз. Ұйым туралы ақпаратты тексеруге кеткен бірнеше минут қаражатыңыздың нақты мұқтаж адамға жететініне және алаяқтардың қолына түспейтініне көз жеткізуге мүмкіндік береді. Егер ақша жинаудың заңдылығына күмәніңіз болса, бұл туралы полицияға хабарлаңыз», – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Тимур Ноғайбаев.
Полиция азаматтарды қайырымдылық жасау кезінде сақ болуға және күмәнді ақша жинау жағдайларын байқаса, бірден құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
