Алматыда балалардың құқығын қорғау жүйесіне жаңа тәсіл енгізіледі. Енді балалар баратын бірқатар мекеме алдын ала ескертусіз тексерілуі мүмкін. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Жаңа заңға сәйкес, Балалардың құқығын қорғау басқармасының қызметкерлері мектептерге, балабақшаларға, медициналық және әлеуметтік мекемелерге, балалар баратын өзге де мемлекеттік ұйымдарға кедергісіз кіріп, балалар құқығының сақталуын тексере алады.
Олардың заңды қызметіне кедергі келтіргендер әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Тағы бір маңызды жаңашылдық – кейс-менеджмент жүйесінің енгізілуі. Енді көмекке мұқтаж әрбір балаға арнайы кейс-менеджер бекітіліп, ол психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, дәрігерлер және құқық қорғау органдарының жұмысын үйлестіретін болады.
Жаңа оқу жылынан бастап мектептерде «Конституция негіздері» және «Заң және тәртіп» пәндері оқытылады. Ал «Жеке қауіпсіздік» бағдарламасы жаңартылып, оқушыларға буллинг, кибербуллинг, интернет-алаяқтықтан қорғану және жеке деректерді қорғау жолдары үйретіледі.
