2026 жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарын сайлау өтеді. Осыған байланысты азаматтар өздерінің сайлаушылар тізіміне енгізілген-енгізілмегенін алдын ала тексере алады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Сайлаушылар тізімін қашан тексеруге болады?
Азаматтар тұрғылықты жері бойынша құрылған сайлау учаскелерінде сайлаушылар тізімімен 2026 жылғы 7 тамыздан бастап, яғни дауыс беру күніне 15 күн қалғанда таныса алады.
Ал әскери бөлімдерде, шалғай елді мекендерде, демалыс үйлерінде, санаторийлерде, вахталық әдіспен жұмыс істейтін ұйымдарда, арнайы мекемелерде және Қазақстанның шетелдегі өкілдіктері жанындағы сайлау учаскелерінде сайлаушылар тізімімен 17 тамыздан бастап танысуға мүмкіндік беріледі.
Қате болса, не істеу керек?
Азамат:
- сайлаушылар тізіміне енгізілмесе;
- деректері қате көрсетілсе;
- тізімнен негізсіз шығарылса;
сайлау комиссиясына деректерді түзету туралы өтініш бере алады.
Сайлау комиссиясы өтінішті дереу қарап, қажет түзетулерді енгізуге тиіс.
Өтініш қанағаттандырылмаса ше?
Сайлау комиссиясы өтінішті қанағаттандырмаса, азаматқа оның себептері көрсетілген жазбаша шешім беріледі.
Бұл шешімге сайлау комиссиясы орналасқан жердегі сотқа шағымдануға болады. Сот мұндай өтінішті түскен күні қарайды.
