Басты бет / Жаңалықтар /
Тоқаев
Фото: Ақорда

Тоқаев Орталық Азиядағы ықпалдастықты күшейтуге шақырды

Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері арасындағы өзара сенім мен ынтымақтастықтың нығаюы өңірдің жаңа даму кезеңіне жол ашқанын айтты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ақорданың мәліметінше, мемлекет басшысы Түрікменстанның маңызды шартқа қосылуын жоғары бағалап, өңірлік ықпалдастықты одан әрі дамытуға бағытталған жаңа іс-шаралар жоспарын әзірлеуді ұсынды.

Президент қандай бастамалар көтерді?

Мемлекет басшысы осы маңызды шартқа қосылғаны үшін Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедовке алғыс айтып, келесі кезеңде құжаттың ережелерін іс жүзінде жүзеге асыру қажет екенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, достық пен тату көршілікті нығайтуға, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланысты дамытуға арналған ұзақмерзімді іс-шаралар жоспарын қабылдау маңызды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанның Консультативтік кездесулердің толыққанды мүшесіне айналуын өңірлік ықпалдастықтың жаңа кезеңге өткенін көрсететін оң қадам ретінде бағалады.

Президент кейінгі жылдары өңірішілік сауда көлемі артып, инвестициялық жобалар іске асып жатқанын, мәдениет, білім және жастар арасындағы байланыстардың да күшейгенін айтты.

Президент тағы қандай мәселелерге тоқталды?

Мемлекет басшысы жаһандық үдерістер жағдайында Орталық Азияның халықаралық аренадағы рөлі артып келе жатқанын атап өтті.

Осы ретте ол Қырғызстанның 2027–2028 жылдарға Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануын өңір үшін маңызды жетістік деп бағалап, президент Садыр Жапаров пен қырғыз халқын құттықтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Ташкентте өткен кездесуде көтерілген бастамалардың, оның ішінде Консультативтік кездесулерді институционалдық тұрғыдан дамыту мәселесінің әлі де өзекті екенін айтты.

Президент Қазақстан өңірдегі достықты, тату көршілік пен стратегиялық серіктестікті нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдайтынын және бірлескен күш-жігер арқылы ортақ прогреске қол жеткізуге болатынына сенім білдірді.

Мақала туралы ойыңыз?

Telegram-каналға жазылыңыз

Telegram