Бала бірінші сыныпқа барғанға дейін еркін оқып, жаза білуге тиіс пе? Мектепке дайындық кезінде ата-аналарды алаңдататын сұрақтардың бірі – осы. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мектепалды даярлық міндетті
Қазақстанның «Білім туралы» заңына сәйкес, балаларды мектепте оқуға мектепалды даярлау бес жастан басталады. Мектепалды даярлық міндетті және оны отбасында, балабақшада немесе мектептердің, лицейлер мен гимназиялардың мектепалды сыныптарында оқуға болады. Мемлекеттік білім беру ұйымдарында мектепалды даярлық тегін жүргізіледі.
Заңда мектепке дейінгі білім беру бағдарламаларының негізгі міндеттерінің бірі – баланы оның жеке даму ерекшелігі мен денсаулық жағдайын ескере отырып, бастауыш білім беру бағдарламасын меңгеруге даярлау екені жазылған.
Бала мектепке дейін оқи білуге міндетті ме?
Мектепалды даярлықтың міндетті болуы баланың бірінші сыныпқа келгенде еркін оқып, жаза білуі міндетті дегенді білдірмейді.
Қолданыстағы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты білім беру мазмұнына, баланың оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне және тәрбие мен оқыту мерзіміне қойылатын талаптарды белгілейді. Стандартта мектепке дейінгі кезеңдегі жұмыс баланың дамуына қажет жағдай жасауға бағытталған.
Демек, нормативтік құжаттардан «бірінші сыныпқа қабылданатын бала міндетті түрде оқи білуі керек» деген талап кездеспейді.
Сонда мектепке дейін не үйретіледі?
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мақсаты тек әріп танытып, баланы ертерек оқытып жіберумен шектелмейді. «Білім туралы» заңда бұл кезең баланы тәрбиелеу, оқыту, дамыту және сауықтырудың тұтастығына, мектепке дейінгі және бастауыш білім арасындағы сабақтастыққа негізделетіні көрсетілген.
Бұл жерде қарапайым оқу дағдысын қалыптастыру мен баладан мектепке бармай тұрып еркін оқуды талап ету – екі бөлек нәрсе.
