Алматыда балалардың құқығын қорғау жүйесіне жаңа тәсіл енгізіліп жатыр. Енді қиын жағдайға тап болған отбасылар әртүрлі мемлекеттік органдарға өздігінен жүгінбей-ақ, кешенді қолдау ала алады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Жаңа жүйе қалай жұмыс істейді?
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифиңде Алматы қаласы балалардың құқығын қорғау басқармасының басшысы Жанат Айтбаеваның айтуынша, енді көмекке мұқтаж әрбір балаға арнайы кейс-менеджер бекітіледі. Ол отбасыны қолдаудың жеке жоспарын әзірлеп, психологтардың, педагогтердің, әлеуметтік қызметкерлердің, медицина мамандары мен құқық қорғау органдарының жұмысын үйлестіреді және барлық қолдау шараларының орындалуын бақылайды.
Сонымен қатар жаңа заң бойынша, балалардың құқығын қорғау басқармасының өкілеттігі кеңейтілді. Басқарма қызметкерлері мектептерге, балабақшаларға, медициналық және әлеуметтік мекемелерге, сонымен қатар балалар болатын өзге де мемлекеттік ұйымдарға кедергісіз кіріп, балалардың құқықтарының сақталуын тексере алады. Заңды қызметіне кедергі келтіргендер әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Қазір Алматыда 688 887 бала тұрады. Басқармамен бірлесіп жұмыс істейтін балалардың құқығын қорғау орталығында бір маман ең көбі 5 мың баланы сүйемелдейді.
Жаңа оқу жылында қандай өзгерістер болады?
Басқарма басшысы жұмыстың негізгі бағыттарының бірі 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру екенін айтты. Құжат балаларды қорғаудың алдын алу жүйесін дамытуға, психологиялық көмектің қолжетімділігін арттыруға, цифрлық сервистерді енгізуге және отбасы институтын нығайтуға бағытталған.
Сонымен қатар Алматыда «Алматы – қауіпсіз балалық шақ» басқармааралық жобасы іске қосылады. Жобаға полиция, прокуратура, мемлекеттік органдар, аудан әкімдіктері, үкіметтік емес ұйымдар және сарапшылар қатысады.
Жаңа оқу жылынан бастап мектептерде 5–7-кластарға «Конституция негіздері», ал 8–9-кластарға «Заң және тәртіп» пәндері енгізіледі. Сонымен қатар «Жеке қауіпсіздік» бағдарламасы жаңартылып, оқушылар буллиң мен кибербуллиңге қарсы әрекет етуге, интернет-алаяқтықтан қорғануға, жеке деректерді қорғауға және қауіпті жағдайда дұрыс іс-қимыл жасауға үйренеді.
Жанат Айтбаева балалардың құқығы бұзылған немесе қорғау қажет жағдайлар туралы 111 бірыңғай байланыс орталығына хабарласуға болатынын еске салды.
