Германиядағы Роберт Кох атындағы институттың (RKI) мәліметінше, биыл аптап ыстыққа байланысты 9800 адам қайтыс болған. Бұл – 2016 жылдан бері бір жыл ішіндегі ең жоғары көрсеткіш. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ең ауыр кезең қашан болды?
Сарапшылардың бағалауынша, 2026 жылдың ең ауыр кезеңі маусымның екінші жартысына сәйкес келген. Сол уақытта Германияның көптеген өңірінде ауа температурасы +40 градусқа дейін көтеріліп, осы кезеңде 5 мыңнан астам адам қаза болған.
RKI дерегінше, аптап ыстықтан қайтыс болғандардың 7880-і – 75 жастан асқан азаматтар. Сонымен қатар қаза болғандардың арасында әйелдер саны ерлерге қарағанда көп болған. Мамандар мұны егде жастағы тұрғындар арасында әйелдердің үлесі жоғары болуымен байланыстырады.
Институттың мәліметі бойынша, бұған дейінгі ең жоғары көрсеткіш 2018 жылы тіркелген. Ол кезде аптап ыстықтың салдарынан шамамен 8900 адам қайтыс болған.
Мамандар қандай қауіп туралы ескертті?
Дәрігерлердің айтуынша, аптап ыстық өте сирек жағдайда өлімнің тікелей себебі болады. Көп жағдайда жоғары температура созылмалы аурулармен қатар әсер етіп, адамның өміріне қауіп төндіреді.
Осыған байланысты мамандар медициналық мекемелердегі салқындату жүйелерін жаңғырту қажет екенін айтады. Қазір Германия ауруханаларындағы палаталардың аз ғана бөлігі кондиционерлермен немесе басқа да салқындату құралдарымен жабдықталған.
