Басты бет / Жаңалықтар /
интернет алаяқ
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

«Жалған инвестицияға алданып қалмаңыз». ІІМ маңызды ескерту жасады

Ішкі істер министрлігі Қазақстан азаматтарын дипфейк технологиялары мен жалған брокерлер арқылы жасалатын интернет-алаяқтықтан сақ болуға шақырды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ведомствоның мәліметінше, кейінгі уақытта инвестиция салу сылтауымен азаматтарды алдау деректері жиілеген.

Алаяқтар қандай тәсілді қолданады?

Министрліктің хабарлауынша, қаскөйлер мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде жасанды интеллект көмегімен жасалған дипфейк бейнелерді пайдаланып, танымал тұлғалардың атынан түрлі инвестициялық жобалар мен қорларға ақша салуға үгіттейді.

Олар азаматтарға жылдам әрі кепілдендірілген табысқа уәде беріп, мобайл қолданбаларды орнатуды, күмәнді сілтемелерге өтуді немесе ақшаны «инвестиция», «аккаунтты тіркеу» не «табысты ұлғайту» деген сылтаумен бөгде адамдардың шоттарына аударуды ұсынады.

ІІМ мәліметінше, ақша аударылғаннан кейін алаяқтармен байланыс үзіліп, уәде етілген табыс төленбейді. Кей жағдайда олар «салық», «алым» немесе «сақтандыру жарнасы» деген желеумен қосымша қаражат талап етуді жалғастырады.

ІІМ қандай кеңес берді?

Ведомство барлық анықталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын және қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтау, сонымен қатар алаяқтық интернет-ресурстар мен заңсыз ақша аудару арналарының жолын кесу шаралары қабылданып жатқанын хабарлады.

Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті азаматтарға «кепілдендірілген табыс» туралы ұсыныстарға сенбеуге, бейтаныс адамдардың шотына ақша аудармауға, күмәнді сілтемелерге өтпеуге, тексерілмеген қосымшаларды орнатпауға және инвестиция салмас бұрын компания туралы ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеруге кеңес берді. Егер интернет-алаяқтықтың құрбаны болсаңыз немесе осындай деректер туралы ақпарат білсеңіз, ІІМ тұрғылықты жеріңіздегі полицияға немесе 102 арнасына дереу хабарласуға шақырды, — делінген ІІМ хабарламасында.

Мақала туралы ойыңыз?

TikTok парақшамызға жазылыңыз

TikTok