Басты бет / Жаңалықтар /
алимент
Фото: Depositphotos.com

25 тамыздан бастап алимент арнайы шотқа аударылады: нені білу керек?

Қазақстанда 2026 жылғы 25 тамыздан бастап алимент аударудың жаңа тәртібі күшіне енеді. Бұдан былай атқарушылық іс жүргізу аясында өндіріп алынған алимент арнайы банк шотына ғана аударылады. Бұл туралы Әділет министрлігі хабарлады.

Арнайы шот ашу қажет

Өзгерістер 2026 жылғы 24 маусымдағы «Атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда қарастырылған.

Жаңа тәртіп бойынша алимент алушы алимент қаражатын есепке алуға арналған арнайы банк шотын ашып, оның деректемелерін сот орындаушысына ұсынуы керек.

Бұл талап атқарушылық іс жүргізу шеңберінде алимент алатын азаматтарға қатысты.

Арнайы шот не үшін қажет?

Өзгерістің негізгі мақсаты – кәмелетке толмаған балалар мен еңбекке қабілетсіз адамдарды асырауға арналған ақшаны қорғау.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, алиментті есепке алуға арналған банк шотындағы ақшаға тыйым салуға жол берілмейді. Яғни алимент алушының басқа қарыздары немесе міндеттемелері болған жағдайда бұл шоттағы қаражат атқарушылық әрекеттерден қорғалады.

Осылайша алимент ретінде төленген ақшаның өзінің тікелей мақсатына жұмсалуына қосымша кепілдік беріледі.

Арнайы шот болмаса не болады?

Әділет министрлігінің түсіндіруінше, арнайы банк шотының болмауы борышкерді алимент төлеу міндетінен босатпайды.

Алайда алимент алушы арнайы шот деректемелерін сот орындаушысына бергенге дейін өндіріп алынған қаражатты оған аудару мүмкін болмайды.

Мұндай жағдайда сот орындаушысы алимент алушыға арнайы шот деректемелерін ұсыну қажеті туралы хабарлайды. Деректемелер берілгеннен кейін жиналған қаражат белгіленген тәртіппен аударылады.

Бұл аралықта пайда болған алимент берешегі сақталады және есептен шығарылмайды.

Арнайы шотты қай банктен ашуға болады?

Арнайы банк шотын ашу тәртібі Ұлттық банк бекіткен банк шоттарын ашу, жүргізу және жабу қағидаларымен реттеледі.

Әділет министрлігі мұндай шоттарды ашатын екінші деңгейдегі банк тізімін жүргізбейтінін атап өтті. Сондықтан арнайы шот ашу туралы ақпаратты Ұлттық банктен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен немесе екінші деңгейдегі банктерден нақтылау қажет.

Жаңа тәртіп 2026 жылғы 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.

Мақала туралы ойыңыз?

Facebook парақшамызға жазылыңыз

Facebook