Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалы маңында тағы да ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылы тіркелді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Шабуыл кезінде не болды?
Энергетика министрлігінің мәліметінше, 30 шілде күні Nissos Sifnos танкері үшінші айлақ арқылы мұнай тиеуді аяқтап жатқан кезде тиеу манифольды ауданында ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына ұшыраған. Осыған байланысты қауіпсіздік мақсатында КҚК мұнай тиеу жұмыстарын уақытша тоқтатқан.
Сонымен қатар тиеуге жоспарланған Marathi танкері де КҚК теңіз терминалынан 6–7 теңіз милі қашықтықта ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына ұшыраған.
Зардап шеккендер бар ма?
Энергетика министрлігінің мәліметінше, алдын ала ақпарат бойынша экипаж мүшелері арасында зардап шеккендер жоқ және мұнайдың төгілуіне жол берілмеген.
Шабуыл салдарынан шыққан өрт КҚК-ның үш буксирінің көмегімен сөндірілген. Министрлік жағдайды бақылауда ұстап отырғанын хабарлап отыр.
