Семейде TikTok желісінде тікелей эфир барысында балағат сөз айтып, құқыққа қайшы әрекеттер көрсеткен 26 жастағы әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Әйел қандай құқық бұзушылық жасады?
Абай облысы ПД мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында TikTok платформасындағы құқыққа қайшы тікелей эфир анықталған.
Эфир кезінде әйел балағат сөздер айтып, қоғамдық әдеп нормаларын бұзған. Сонымен қатар есірткі қолданатынын мәлімдеген, — делінген хабарламада.
Тәртіп сақшылары оның жеке басын анықтап, Түркістан облысының тумасы, Семейде уақытша тұрған 26 жастағы әйел екенін хабарлады.
Сот қандай шешім шығарды?
Медициналық куәландыру қорытындысы бойынша әйелдің алкогольдік масаң күйде болғаны анықталған.
Полицияның мәліметінше, сот оны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу туралы шешім шығарды.
Полиция әлеуметтік желілердегі құқыққа қайшы контентті анықтау жұмыстары жалғасатынын атап өтіп, интернет кеңістігінде жасалған заң бұзушылықтар да қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкелетінін ескертті.
