Басты бет / Жаңалықтар /
Ақша, теңге, қаржы, жалақы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Енді кадр тапшылығы бар өңірлерге көшетіндерге 7 млн теңгеге дейін беріледі

Қазақстанда кадр тапшылығы бар өңірлерге ерікті түрде қоныс аударатын азаматтарға  мемлекеттік қолдау көлемі ұлғайды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Қандай өзгерістер енеді?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, экономикалық ұтқырлық сертификатының ең жоғары мөлшері 7 млн теңгеге дейін (1 625 АЕК) артты. Бұл қаражатты бағдарламаға қатысушылар жаңа өңірден жеке тұрғын үй сатып алуға пайдалана алады.

Өзгерістердің мақсаты – азаматтардың тек өңір ауыстыруына ғана емес, жаңа жерде тұрақты қоныстанып, баспаналы болуына жағдай жасау. Сонымен қатар қоныс аударушыларға тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтер шығындарын өтеуге субсидия беріледі. Сонымен бірге жұмысқа орналасуға қолдау көрсетіліп, жаңа өңірге көшпей тұрып жұмыс берушіні таңдау мүмкіндігі қарастырылған, — делінген хабарламада.

Бағдарламаға кімдер қатыса алады?

Бағдарламаға қатысушылардың тізімі кеңейтілді. Бұрын оған негізінен жұмыссыз азаматтар қатысса, енді мемлекеттік қолдау шараларын еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар, сонымен қатар шаруа және фермер қожалықтарының басшылары да пайдалана алады. Қазір бағдарлама толық цифрлық форматқа көшірілген. Өтінім беру, өңірлер картасымен және сұранысқа ие мамандықтар тізімімен танысу, сонымен бірге бос жұмыс орындарын таңдау мүмкіндігі migration.enbek.kz порталы арқылы жүзеге асырылады, — делінген хабарламада.

Министрліктің дерегінше, 2017 жылдан бері бұл бағдарламаға 73,9 мың адам қатысып, оның 31 мыңы тұрақты жұмысқа орналасқан.

Мақала туралы ойыңыз?

TikTok парақшамызға жазылыңыз

TikTok