Әлемге әйгілі судағы F1H2O әлем чемпионаты алдағы бес жыл бойы Қапшағай су қоймасында өтуі мүмкін. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Алматы облысының әкімдігі 2027 жылғы әлем чемпионатын Қонаев қаласында өткізу туралы келісімге қол қойылғанын мәлімдеді.
Қандай келісім жасалды?
Алматы облысында өткен кездесуге әлемдік F1H2O ұйымы, iHolding компаниясы және Сауд Арабиясынан келген ресми делегация өкілдері қатысты. Жиын барысында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен халықаралық ұйым өкілдері 2027 жылғы әлем чемпионатын Қонаевта өткізу туралы келісімге қол қойды.
Қазақстан осы чемпионатты қабылдайтын алтыншы мемлекет болмақ. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жарысқа шетелден кемінде 5 мың қонақ келеді деп күтіледі. Сонымен қатар әлем бойынша шамамен 1 миллиард көрермен жарысты тікелей эфирден тамашалай алады.

Чемпионат өңірге қандай мүмкіндік береді?
Ұйымдастырушылардың айтуынша, чемпионат кезінде көрермендердің қауіпсіздігі толық қамтамасыз етіледі. Арнайы VIP-аймақтар, жарысты басқару орталығы, командаларға арналған инфрақұрылым, медиа орталық және отбасылық демалыс аймақтары ұйымдастырылады. Сонымен қатар ұлттық тағамдар мен кәдесыйлар ұсынылып, түрлі мәдени және мерекелік іс-шаралар өтеді. Чемпионаттың жабылу салтанатында әлемге танымал өнерпаздардың қатысуымен гала-концерт өткізу жоспарланған.
Алматы облысының әкімдігі бұл жоба өңірдің туристік әлеуетін арттырып, инвестиция тартуға, инфрақұрылымды дамытуға және экономиканың өсуіне оң әсер етеді деп есептейді.
