Басты бет / Жаңалықтар /
гүл, шөп, ауа райы, көктем
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Павлодарда гүл жұлып, былапыт сөз айтқан ер адам сотқа тартылды

Павлодарда саябақтағы гүлзардан гүл жұлып алып, қоғамдық тәртіпті бұзған ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Оқиға қалай болды?

Облыстық полицияның мәліметінше, ер адам саябақ аумағындағы гүлзарда өсіп тұрған гүлді жұлып алған. Аумақты күтіп-ұстауға жауапты қызметкер ескерту жасаған кезде, ол дөрекілік танытып, былапыт сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған.

Осы оқиғаға байланысты тәртіп сақшылары тексеру жүргізіп, құқық бұзушыға бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру және ұсақ бұзақылық фактілері бойынша әкімшілік материалдар рәсімдеп, сотқа жолдаған, — делінген хабарламада.

Полиция не ескертті?

Павлодар қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Қарабаевтың айтуынша, қаланы абаттандыру – көптеген адамның еңбегі мен қомақты материалдық шығынының нәтижесі.

Ол гүлзарларды, ағаштарды, орындықтарды және басқа да қоғамдық мүлікті бүлдіруге жол берілмейтінін атап өтті. Полиция қоғамдық саябақтар мен демалыс орындары тұрғындардың жайлы демалысы үшін жасалғанын еске салып, вандализм, қоғамдық мүлікті бүлдіру және қоғамдық тәртіпті бұзудың барлық фактісі бойынша заң аясында шара қолданылатынын мәлімдеді.

Мақала туралы ойыңыз?

Instagram парақшамызға жазылыңыз

Instagram