Бассейнге барып, жүзуді үйренгісі келетіндер арасында судан қорқатын немесе бала кезінде бұл машықты меңгермегендер бар. Кей адам жүзуді спортпен айналысу үшін бастаса, енді бірі суда өзін қауіпсіз сезіну үшін үйренгісі келеді.
Baribar.kz тілшісі жүзуден жаттықтырушы Мирас Бисеннен суда өзіңді қалай еркін сезінуге болатынын сұрап, жүзуді үйренер алдында нені ескеру керек екенін білді.
Жүзе алмайтын адам неден бастауы керек?
Мирас Бисеннің айтуынша, мүлдем жүзе алмайтын адам үшін алғашқы қадам — бірден жылдам жүзуге тырысу емес, суға бейімделу. Алдымен адам өзін қауіпсіз сезініп, суға сенуді үйренуі керек.
Жүзіп көрмеген адам ең алдымен дұрыс тыныс алудан және суда шалқасынан жатудан бастауы керек. Ең көп жіберетін қате — техниканы үйренбей, бірден тез жүзуге тырысу, — дейді жаттықтырушы.
Осындай машық қалыптасқаннан кейін ғана жүзу қимылдарын меңгеру жеңілдейді.

Судан қорқатын адам не істеуі керек?
Жүзуді үйренуге кедергі болатын басты себептің бірі — судан қорқу. Әсіресе, бала кезде ойда қалған жағымсыз оқиға адамның суда өзін еркін сезінуіне кедергі болады. Мұны «акуафобия» дейді. Адам қанша жерден жүзіп, сүңгіп үйренгісі келсе де, санасындағы трауманы жеңу қиын.
Мирас Бисеннің өзі де бала кезінде суға батып кете жаздап, қатты қорқып қалған. Соған қарамастан жүзіп үйренуге деген әуестігі жоғалмапты.
Мен жүзуді қорқыныш арқылы үйрендім. Кейін өзім үшін үлкен тәжірибеден өтіп, су астындағы қорқынышымды жеңе бастадым. Алғашында жаттығу оңай соқпады. Жаттықтырушым жүзуге қажет қорғаныс құралдарын да бермеді. Үйреніп жүргенімде бірнеше рет батып кете жаздадым. Алайда қорқыныштан кәсібіме айналған тәжірибем қазір жаттықтырушы болуыма да әсер етті. Сондықтан жүзіп үйрену ойда тұрған қорқынышты сейілте алудан басталады, — дейді ол.
Қазір Мирас жүзуді үйретерде адамның психологиялық жай-күйіне де мән береді. Жаттықтырушыны да дұрыс таңдау маңызды екенін айтып отыр.
Кейде адам жаттықтырушыға барғанымен, маман бассейнге бірге түспей, тек сырттан бақылап, техниканы түсіндірумен шектеледі. Ал, меніңше, жаттықтырушы бірге суда жұмыс істеп, оның қимылын тікелей бақылауы керек. Сол себепті әдісіме басқаша қараймын деп шештім. Еуропа мен Америкадағы заманауи тәсілдерді зерттеп, адамға суда дұрыс жатуды, денесін сезінуді, тынысын реттеуді үйретуге мән беремін. Техника да осының негізінде біртіндеп қалыптасады, — дейді жаттықтырушы.
https://www.instagram.com/reels/DbGnjICIX3k/
Жүзуді қанша уақытта үйренуге болады?
Әр адам әртүрлі уақытта жүзіп үйренеді. Жаттықтырушының айтуынша, бұл адамның судан қаншалық қорқатынына, дене дайындығына және қимыл-қозғалысты үйлестіре білуіне байланысты. Сондықтан кейбірі бірнеше сабақтан кейін суда еркін қимылдай бастаса, енді бірі уақытының көп бөлігін біз айтқан траумасын жеңуге арнайды. Мұнда сабаққа тұрақты қатысу да маңызды.
Жаңадан бастаған жандар бастапқыда аптасына екі-үш рет жаттыққаны дұрыс. Ал сабақтарды 30-45 минутқа жоспарлауға болады. Бұл уақытта адам суға бейімделіп, тыныс алуын реттеп, суда денесін дұрыс ұстауды үйренеді, — дейді Мирас Бисен.
Ең бастысы — алғашқы сабаққа дұрыс дайындалып, өз мүмкіндігіңізге сай жаттығу жасау. Жүзуді жаңадан бастаған адам өзін өзгелермен салыстырмай, алдымен суда қауіпсіз әрі еркін сезінуге мән бергені жөн.
Жүзуді үйренгенде балалар мен ересектердің айырмасы
Жаттықтырушы жүзуді көбіне балалар тезірек меңгеретінін айтты.
Көбіне балалар жүзуді тез меңгереді. Олар судан қорықпайды, денесі икемді және жаңа қимылдарды тез қабылдап алады. Алайда бұл барлық балаға қатысты емес. Кей ересек адам да балаға қарағанда жүзуді жылдамырақ үйренуі мүмкін, — дейді жаттықтырушы.
Сондықтан жүзіп үйренуге жастың қатысы жоқ. Оған қарағанда, адам психикасының дайындығы, координациясы және үйренуге құлшынысы болғаны маңызды.
Жаттықтырушысыз жүзіп үйрену
Мирас Бисен жаттықтырушы ретінде су айдынында дұрыс бағыт беріп, көмектесетінін айтты. Дегенмен қазір жүзуді үйрететін онлайн сабақ та өткізіп жүр.
Оның айтуынша, онлайн форматта адам қай жерде жүрсе де, жүзуге қатысты теорияны алып, кейін тәжірибеде өзін сынай алады. Әрине, онлайн сабақ жаттықтырушының суда тікелей бақылауын алмастыра алмайды. Алайда арнайы бағдарлама, видео талдау және тұрақты кері байланыс арқылы онлайн оқудан да нәтиже шығаруға болады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Бассейнге алғаш барған адамға қажет заттар
Жүзуді енді бастаған адамға бірнеше арнайы жабдық керек. Олардың қатарында жүзу киімі, суға арналған көзілдірік пен қалпақ бар. Қажет болса жаттықтырушы қосымша құралдарды ұсынуы мүмкін. Сондықтан өзіңіз баратын бассейн залымен кеңесіп, арнайы тізім жасап алған дұрыс.
Жүзудің денсаулыққа пайдасы
Жүзу адамның дене дайындығына да оң әсер етеді. Тұрақты жаттығу төзімді болуға көмектесіп, бұлшықет жұмысы мен тыныс алуды жақсартады және денені шынықтырады.
Алайда денсаулығында қандай да бір кінәраты бар адам бассейнге бармас бұрын дәрігермен кеңескені дұрыс. Ал белі немесе буыны ауыратын жандар жаттығуды жеңіл қимылдан бастап, жүктемені біртіндеп арттыруы қажет, — дейді жаттықтырушы.
Мирас Бисен жүзуді қазақ тілінде үйретуге көңіл бөлген
Мирас Бисеннің жүзу спортына келуіне ағасының бір ауыз сөзі себеп болған. Бастапқыда ол Спорт және туризм академиясына аралас жекпе-жек бағыты бойынша түскісі келген. Алайда ағасы жүзу факультетіне түсіп, болашақта қазақ тілінде жүзу үйрететін маман болуға кеңес берген.
Университетте қазақ тобында бастапқыда алты студент оқығанымен, төртінші курсқа келгенде бес студент оқудан шыққан. Соған қарамастан, Мирас оқуын жалғастырып, кейін осы бағытта кәсіби жолын бастаған.
Оқуымды аяқтамай жатып кураторым мені жұмысқа алып, ересектерге жүзуді үйретуге мүмкіндік берді. Осы кезде адамдарға қазақ тілінде жүзуді үйреткен маңызды екенін түсіндім. Қазір менен жүзуді үйренетін жандардан «қазақша нұсқау естіген өте жағымды екен» деген пікірді жиі естимін. Таңдаған бағытымнан қателеспегенімді түсіндім, — дейді ол.
Кейін жаттықтырушы сәбилерден бастап ересек балалармен және ерекше балалармен де жұмыс істегенін айтты.
Кей маманның, тіпті бассейндердің де ерекше балаларды қабылдамайтынын көрдім. Бұл маған қатты әсер етті, сондықтан алдыма келген әрбір балаға жүзуді үйретуге тырыстым. Қандай да бір диагнозды білмессем, ол туралы ақпарат іздеп, баламен қалай жұмыс істеу керек екенін өзім үйренемін. Кей дүниені дайын курстардан емес, тікелей тәжірибеден меңгердім, — дейді Мирас Бисен.
Жүзуді үйренгіңіз келсе, неден бастау керек?
- судан қорықсаңыз, бірден тереңге түспей, таяз жерден бастаңыз;
- алдымен суда өзіңізді қауіпсіз сезінуге және суға бейімделуге үйреніңіз;
- дұрыс тыныс алуды меңгеріп, суда денеңізді еркін ұстауға дағдыланыңыз;
- бірден жылдам жүзуге тырыспай, техниканы біртіндеп үйреніңіз;
- бастапқыда аптасына екі-үш рет, 30-45 минуттан жаттығуға болады;
- қорқыныш немесе психологиялық траума болса, оны біртіндеп жеңуге тырысыңыз;
- денсаулықта кінәрат болса, жаттығуды бастамас бұрын дәрігермен кеңесіңіз.
Жаттықтырушы бұл бағыттағы жұмысын әлеужеліде де жалғастырып жүр. Блогты белсенді жүргізе бастағанына үш апта болған. Ссы уақыт ішінде оқырман саны екі мыңнан 25 мыңға жеткен. Контентінде жүзуге қатысты кеңестер мен жиі кездесетін қорқынышты жеңуге, оқырманның сұрағына жауап беруге тырысады.
Мақсатым тек өзімді көрсету емес. Қазақ тілінде жүзу мәдениетін дамыту, адамдарға жүзуді түсінікті әрі дұрыс үйрету және осы бағытта жаңа деңгей қалыптастыру, — дейді Мирас Бисен.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Мирас болашақта балаларға, ересектерге және ерекше жандарға қолайлы жеке бассейн, спорт кешенін ашқысы келеді.
***
Тағы оқыңыз:
