Қырғызстанда жергілікті билікке той, отбасы мерекелері мен жерлеу рәсімдеріндегі шамадан тыс ысырапшылдықтың алдын алу құзыреті берілді. Президент тиісті заңнамалық өзгерістерге қол қойды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Жаңа өзгерістерге сәйкес, жергілікті мемлекеттік әкімшіліктер мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары отбасы мерекелері мен марқұмды еске алуға байланысты іс-шараларды өткізу кезінде шамадан тыс шығынға жол бермеуге бағытталған жұмыстарды жүргізуге міндетті болады.
Яғни жергілікті билік той, ас және басқа да отбасы немесе еске алу шараларындағы ысырапшылдықтың алдын алуға атсалысады.
Заңнан халық құрылтайларын ұйымдастыру мен өткізуге қатысты нормалар алынып тасталды. Енді құрылтай мәселелері жеке заңмен реттеледі.
Өзгерістер шалғай ауылдарды басқаруға да қатысты. Енді айыл өкмөтүнүн басшысы қай елді мекендерде ауыл старостасы – айыл башчысы қызметін енгізу қажет екенін өзі анықтай алады.
Заң ресми жарияланған күннен кейін 10 күн өткен соң күшіне енеді.
