Қазақстанда 3 тамыздан бастап амбулатория жағдайында мамандандырылған медициналық көмек көрсету тәртібі өзгереді. Денсаулық сақтау министрлігі тиісті қағидаларға бірқатар түзету енгізді. Жаңа талаптар пациенттердің бейінді мамандарға жазылуынан бастап медициналық ақпаратты электрон жүйеде тіркеуге дейінгі бірнеше бағытты қамтиды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Заңдағы түзетулер
Денсаулық сақтау министрінің 2026 жылғы 16 шілдедегі бұйрығы 3 тамыздан бастап күшіне енеді.
Құжатқа сәйкес, мамандандырылған медициналық көмек бұрынғыдай кеңес беру-диагностика түрінде, медициналық көмектің екінші және үшінші деңгейлерінде күндізгі және тәулік бойғы стационар жағдайында көрсетіледі.
Медициналық қызметтер денсаулық сақтау ұйымдарында ғана емес, үйде, мобильді бригадалар барған кезде, жылжымалы медициналық кешендер мен медициналық пойыздарда, травматология пункттерінде, білім беру ұйымдарында, тергеу изоляторлары мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде де көрсетілуі мүмкін.
Кей мамандарға жолдамасыз жазылуға болады
Енгізілген маңызды өзгерістердің бірі – пациенттердің бейінді мамандарға өз бетінше жазылу мүмкіндігі.
Қағидаларда қарастырылған жағдайларда пациент алғашқы медициналық-санитариялық көмек дәрігерінің жолдамасынсыз бейінді маманның қабылдауына жазыла алады.
Қабылдауға медициналық ұйымның тіркеу бөлімі немесе call-орталығы, медициналық ақпараттық жүйенің мобильді қосымшалары және электрон үкімет порталы арқылы жазылуға болады.
Дәрігер тағы үш маманға дейін жолдама бере алады
Жаңа тәртіп қосымша тексерулерге жолдама беру процесін де нақтылайды.
Бейінді дәрігер медициналық қажет туындаған жағдайда пациентті қосымша тексерулер мен кеңес алуға жібере алады. Оның ішінде мамандығы әртүрлі үш дәрігерге дейін консультация тағайындау мүмкіндігі қарастырылған.
Дәрігерлер кестесі 60 күн бұрын жарияланады
Медициналық ұйымдарға бейінді мамандардың қабылдау кестесіне қатысты да талап қойылады.
Емханалар дәрігерлердің қабылдау кестесін медициналық ақпарат жүйесінде кемінде 60 күнтізбелік күн бұрын орналастыруға міндетті. Кесте өзгерсе, ақпарат уақтылы жаңартылуы керек.
Диагностикада цифрлық технологиялар қолданылады
Өзгерістердің тағы бірі – аспаптық және диагностикалық зерттеулер жүргізу кезінде цифрлық технологияларды қолдану.
Мұндай технологиялар дәрігерге медициналық шешім қабылдауға қолдау көрсету үшін пайдаланылмақ.
Бейінді маман пациентті тексеру нәтижесін, қорытынды диагнозын және жеке емдеу жоспарын медициналық ақпараттық жүйеге енгізуге міндетті.
Техникалық мүмкіндік болмаса, құжаттарды уақытша қағаз түрінде жүргізуге рұқсат етіледі. Алайда кейін бұл мәліметтер электрон жүйеге бір айдан кешіктірілмей енгізілуге тиіс.
Ем нәтижесі электрон жүйеге енгізіледі
Мамандандырылған медициналық көмек көрсету нәтижесі де медициналық ақпараттық жүйеде тіркеледі.
Аяқталған жағдайдың нәтижесі «дені сау», «сауығу», «жақсару», «өзгеріссіз», «нашарлау» немесе «қайтыс болу» деп көрсетілуі мүмкін. Ал емдеу әлі аяқталмаса, жүйеде пациенттің «әлі ауырып жатыр» деген мәртебесі көрсетіледі.
МӘМС аясындағы қызметтер тізімі толықтырылады
Құжатта тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында көрсетілетін мамандандырылған көмектің көлемі де нақтыланған.
МӘМС аясындағы қызметтер тізімі тұқым қуалайтын туа біткен ақаулар мен даму бұзылыстарын ерте анықтауға бағытталған скриниң зерттеулерімен толықтырылды.
Әлеуметтік мәні бар аурулары бар пациенттерге, динамикалық бақылауда тұрған адамдарға және созылмалы аурулардан кейін медициналық оңалтудан өтіп жүрген пациенттерге көрсетілетін мамандандырылған медициналық қызметтердің тізбесі айқындалды.
Жаңа талаптар 2026 жылғы 3 тамыздан бастап күшіне енеді.
