FIFA президенті Джанни Инфантино ұйымға мүше 211 футбол қауымдастығына жаңа қаржыландыру жоспарын ұсынды. Жоба мақұлданған жағдайда әр федерацияға жалпы көлемі шамамен 40 млн долларға дейін қаржы қолжетімді болуы мүмкін. Қазақстан футбол федерациясы да FIFA мүшесі ретінде ұсынысқа қатысы бар ұйымдардың қатарында кіреді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
53 күн уақыт
The Times мәліметінше, Инфантино ұлттық қауымдастықтарға хат жолдап, ұсыныс бойынша шешім қабылдауға 53 күн уақыт берген. Соңғы мерзім – 19 қыркүйек. Жоспар FIFA-ның коммерциялық және турнирлік операцияларын біріктіретін жаңа құрылым құрып, оған жеке инвесторларды тартуды көздейді.
40 млн доллар қалай беріледі?
FIFA-ның ресми мәліметінде ұсыныс қабылданса, 211 мүше қауымдастықтың әрқайсысына жаңа FIFA Fast Forward Programme арқылы арнайы жобалар үшін бір реттік 20 млн долларға дейін қаржы алу мүмкіндігі қарастырылған. Бұған қоса, 2027–2030 жылдарға арналған FIFA Forward бағдарламасы бойынша әр федерацияға тағы 20 млн доллар қарастырылмақ. Осылайша алғашқы кезеңдегі қаржыландыру көлемі 40 млн долларға дейін жетуі мүмкін.
Жалпы жаңа модель аясында әлемдегі футболды дамытуға бағытталған қаржыландыру көлемін 10 млрд доллардан асыру жоспарланып отыр. Ұсыныс қабылданбаса, FIFA бұған дейін жоспарланған Forward бағдарламасы бойынша жалпы 2,7 млрд доллар көлеміндегі қаржыландыруды жалғастыруға дайын екенін мәлімдеген.
Әлемдегі футбол ұйымдары ұсынысқа алаңдаушылық білдірді
Инфантиноның бастамасы футбол әлемінде пікірталас тудырды. The Times мәліметінше, UEFA, Англия футбол қауымдастығы және бірқатар халықаралық футбол ұйымы жобаның ашықтығы, басқару жүйесі және шешім қабылдау процесіне қатысты алаңдаушылық білдірген. UEFA бұл мәселені талқылау үшін шұғыл жиын өткізбек.
FIFA болса жаңа құрылым ұйымның бақылауында қалатынын мәлімдейді. Ресми ақпарат бойынша, FIFA футболды басқару, жарыстарды өткізу, матч күнтізбесі және спорт шешімдеріне қатысты өкілеттігін сақтап қалады.
Енді FIFA-ға мүше федерациялар, соның ішінде Қазақстан футбол федерациясы да жаңа қаржыландыру моделіне қатысты өз ұстанымын анықтауы керек.
