Шымкентте қатты тұрмыстық қалдықтарды термиялық әдіспен өңдеп, электр энергиясын өндіретін заманауи кешеннің құрылысы басталды. Жоба аясында нысан аумағында капсула салу рәсімі өтіп, оған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен Shaanxi Construction Engineering Kazakhstan Co., Ltd. компаниясының өкілдері қатысты.
Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қалдықтарды басқарудың заманауи жүйесін дамыту, экологиялық инфрақұрылымды жетілдіру және озық технологияларды енгізу жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асып жатыр. Сонымен қатар кешеннің құрылысы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясымен де байланысты.
Болашақ кәсіпорын тәулігіне шамамен 1000 тонна қатты тұрмыстық қалдықты өңдей алады. Нысан іске қосылғаннан кейін 24 МВт·сағатқа дейін электр энергиясын өндіру көзделіп отыр. Жобаның жалпы инвестициялық құны шамамен 54 млрд теңге.
Кешеннің құрылысы 2026-2028 жылдарға жоспарланған. Нысан пайдалануға берілген соң кемінде 80 тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұдан бөлек, қалдықтарды өңдеу барысында пайда болатын күлден құрылыс материалдарын өндіру мүмкіндігі қарастырылған.
Жоба Шымкент әкімдігінің қытайлық инвесторлармен ынтымақтастығының нәтижесінде жүзеге асып отыр. Бұл бағыттағы келіссөздер 2024 жылы қала әкімінің Қытайға жұмыс сапары кезінде басталған. Сол кезде Шымкент пен Сиань арасындағы бауырластық байланыстар аясында әлеуетті инвесторлармен кездесулер ұйымдастырылған.
Кейін қала әкімдігі Shaanxi Construction Engineering компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Ал одан кейін Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен инвестор арасында инвестициялық келісім жасалды.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің айтуынша, жаңа кешен Шымкенттің экологиялық инфрақұрылымын дамытудағы маңызды жобалардың біріне айналады. Нысан қалдықтарды полигондарға көму көлемін азайтып, қоршаған ортаға түсетін салмақты төмендетуге және қоқысты өңдеудің заманауи технологияларын енгізуге мүмкіндік береді.
Жоба іске қосылғаннан кейін қаладағы қалдықтарды басқару жүйесінің тиімділігі артып, экологиялық жағдайды жақсартуға және қосымша электр энергиясын өндіруге жағдай жасалады.
