Басты бет / Қоғам /
801c2028ecc35ed27fbc82c7c2b0dd36 Шымкентте балаларға арналған кардиохирургия орталығы ашылады
©medvestnik.ru

Шымкентте балаларға арналған кардиохирургия орталығы ашылады

Шымкентте балалар кардиохирургиясын дамытуға бағытталған жаңа жоба жүзеге асырылмақ. Жыл соңына дейін қалада республикалық деңгейдегі аймақтық кардиохирургиялық орталық ашу жоспарланып отыр. Медициналық мекеме Шымкент қаласымен қатар, Қызылорда және Жамбыл облыстарының тұрғындарына қызмет көрсетіп, туа біткен жүрек ақауы бар балаларға қажетті медициналық көмекті қолжетімді етуге мүмкіндік береді.

Бұл туралы облыстық балалар ауруханасы басшысының стратегиялық даму жөніндегі орынбасары Сұлтанғали Маутайұлы мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа орталық балалар кардиохирургиясы саласындағы медициналық көмектің сапасын арттыруға және күрделі оталарды өңірде жүргізуге мүмкіндік береді.

Шымкенттегі облыстық балалар ауруханасы жаңа туған нәрестелерден бастап 18 жасқа дейінгі балаларға мамандандырылған медициналық көмек көрсететін жетекші мекемелердің бірі саналады. Аурухана 422 төсек-орынға есептелген және 13 бейіндік бөлімшеден тұрады. Мұнда 120-ға жуық дәрігер мен 600-ден астам орта буын медицина қызметкері жұмыс істейді.

Медициналық ұйымға аудандық және қалалық ауруханалардан жолдамамен келген балалар қабылданып, заманауи медициналық технологиялардың көмегімен күрделі операциялар жасалады. Аурухананың нейрохирургия бөлімінде де жоғары технологиялық оталар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. 30 төсек-орынға арналған бөлімшеде қазіргі таңда төрт білікті дәрігер қызмет атқарады.

Мамандардың бірі – 17 жылдық тәжірибесі бар нейрохирург Мұхтар Әбдіқадыров. Ол биыл 11-22 мамыр аралығында Қытайдың Шанхай қаласында біліктілігін арттырып келген.

Дәрігерлер ата-аналарға балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге шақырады. Мамандардың айтуынша, тұрмыстық химиялық заттарды абайсызда ішіп қою салдарынан өңеші күйген балалар әлі де ауруханаға түсіп жатыр. Мұндай жағдаймен медициналық мекемеге аптасына кемінде бір бала жеткізіледі.

Осыған байланысты мамандар дәрі-дәрмек пен тұрмыстық химия өнімдерін балалардың қолы жетпейтін жерде сақтаудың маңызын ескертеді. Дәрігерлердің пікірінше, қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау балалардың денсаулығына төнетін қатердің алдын алуға мүмкіндік береді.

Мақала туралы ойыңыз?

Facebook парақшамызға жазылыңыз

Facebook