Басты бет / Қоғам /
Шымкент
Фото: Shymkala.kz

Шымкентте әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және білім беру саласындағы талаптар талқыланды

Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасында бизнес өкілдері, мемлекеттік органдар мен сарапшылардың қатысуымен семинар өтті. Кездесуде әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, мемлекеттік көмек тетіктері және жекеменшік білім беру ұйымдарына қойылатын заң талаптары талқыланды.

Семинарды Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова жүргізді. Оның айтуынша, бүгінде қаладағы кәсіпкерлік субъектілерінің жартысынан астамын әйелдер басқарады. Кәсіпкер әйелдер негізінен сауда, қоғамдық тамақтандыру, қызмет көрсету және білім беру салаларында жұмыс істейді.

Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдердің салааралық кеңесі де бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазір оның құрамында өңірдегі 30-дан астам табысты кәсіпкер әйел бар. Кеңес жергілікті өндірісті дамытуға және кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған бастамаларға қатысады. Солардың бірі – «Бір ауыл – бір өнім» жобасы.

Жиынның негізгі спикері, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту комитетінің төрайымы Лейла Куленова әйелдер бизнесін қолдау бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

Оның айтуынша, маңызды бастамалардың бірі – 2026–2028 жылдарға арналған Цифрлық экономика жағдайындағы әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың жол картасының әзірленуі. Құжат әйел кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін кеңейтуге, цифрлық дағдыларын жетілдіруге және бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтарының жұмысын жандандыру және өңірлердегі Іскер әйелдердің салааралық кеңестерін біртұтас Әйелдер кәсіпкерлігі кеңесіне біріктіру мәселелері қарастырылып жатыр.

Семинарда білім беру саласындағы талаптар да сөз болды. Шымкент қаласының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің лицензиялау бөлімінің басшысы Майра Абдираимова мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарының лицензия алу тәртібін түсіндірді.

Маманның айтуынша, лицензия алу үшін білім беру ұйымдарында оқу-жұмыс жоспарлары мен оқу-әдістемелік материалдар болуы, педагогтердің білімі мен еңбек өтілі белгіленген талаптарға сәйкес келуі қажет. Сонымен қатар педагог құрамына және олардың біліктілік санаттарына қатысты талаптар қарастырылған.

Кездесу барысында кәсіпкерлер мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мемлекеттік қолдау шаралары, әйелдер бизнесін дамыту және білім беру ұйымдарын лицензиялау талаптары бойынша жауап алды. Семинар бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдар арасында тәжірибе алмасып, өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік берген ашық диалог алаңына айналды.

Мақала туралы ойыңыз?

Facebook парақшамызға жазылыңыз

Facebook